Балаларынан айырылған екі отбасы әлі күнге дейін әділдікке қол жеткізе алмағанын айтып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Еске салайық, эпилепсиясы бар ер адам басқарған автокөлік жол апатына түсіп, салдарынан төрт бала қаза тапқан болатын. Араға алты ай өтсе де, қайғы жұтқан ата-аналар әділдік іздеуді тоқтатпаған. Олар денсаулығында кінәраты бар адамға жүргізуші куәлігін берген медицина қызметкерлері мен аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етеді.
— Бізді Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шақырғанда, бұл істе қатаң жаза қолданылмайтынын айтты. Тиісті қызметкерлер салғырттық танытқанымен, өз басқармаларында тек ескерту мен сөгіс алған. Бізге осынымен тергеу аяқталды деп хабарлады. Бұл — жай ғана жаба салатын іс емес. Ол алты баланы қағып, таптап өтті. Төртеуі қаза тапты, екеуі ауыр жарақат алды, — деді Ернар Бұланбаев Жетінші арнаға берген сұқбатында.
Сонымен қатар қаза тапқан балалардың ата-аналары Үржар аудандық соты әрекеттеріне де құқықтық баға берілуі қажет деп санайды. Олардың пікірінше, сот істі уақтылы әрі жан-жақты қарауды қамтамасыз етпеген.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, жантүршігерлік жол апаты 2025 жылы 19 тамызда болған. Ер адам әйелімен бірге жеке көлігімен көрші ауылға бара жатқан. Сағат шамамен 16:00-де көлік балалар ойнап жүрген жеке үй маңындағы жол бөлігіне шығып кеткен. Жол апатынан алты кәмелетке толмаған бала көлік астына түсіп, төрт бала қаза тауып, екеуі ауыр жарақат алған.
СОТ ҮКІМІ
Сот үкімі бойынша ер адам 9 жылға бас бостандығынан (қауіпсіздік деңгейі ең төмен колония) айырылып және көлік құралдарын басқаруға 7 жылға тыйым салды. Сонымен қатар зардап шеккен екі отбасыға моральдық зиян ретінде 50 млн теңге төлеуге тиіс.