×
494.66
581.87
6.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.66
581.87
6.43

Мобильді аударым сомасы 1 млн теңгеден асса, айыппұл салына ма?

Бүгін, 12:33
Мобильді аударым сомасы 1 млн теңгеден асса, айыппұл салына ма?
Ulysmedia.kz коллажы

Қаржы министрлігі мобильді аударымдар бойынша қандай жағдайда және қаша айыппұл салынатынын түсіндірді,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бірден айыппұл салынбайды

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша,  белгіленген шектен асқан аударымдар үшін азаматтарға бірден айыппұл салынбайды.

Оның айтуынша, егер бір адамның шотына үш ай қатарынан 100-ден астам адамнан қаражат түсіп, жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асса, салық органдары алдымен ескерту-хабарлама жолдайды. Азаматтан қаражаттың шығу тегін түсіндіру сұралады. Кей жағдайда мұндай тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуы мүмкін.

Тексеру қалай жүргізіледі?

Егер азамат хабарламаға жауап беріп, негізді түсініктеме ұсынса, іс сол жерде тоқтатылуы мүмкін. Ал жауап болмаған жағдайда салық органдары тексеріс бастауға құқылы.

Тексеру барысында құжаттар негізінде салық сомасы есептеледі. Егер ол төленбесе, материалдар сот орындаушысына жолданады. Соңғы шешім де сол орган тарапынан қабылданады.

Туыстардың мобилді аударымдары тексерілмейді

Министрлік өкілдері жақын туыстар арасындағы ақша аударымдарына бақылау жүргізілмейтінін мәлімдеді. Яғни, отбасы мүшелері немесе ағайын-туыс бір-біріне қаражат аударса, бұл үшін жауапкершілік қарастырылмайды.

Қандай жағдайда бақылау күшейеді?

Жақында күшіне енген нормаларға сәйкес, тексеріс тек мына үш талап қатар орындалғанда ғана жүргізіледі:

қаражат 100 және одан көп адамнан түсуі;
бұл жағдай үш ай қатарынан қайталануы;
жалпы сома 12 ең төменгі жалақыдан (1 020 000 теңге) асуы.

Бұл шаралар жасырын кәсіпкерлік қызметті анықтауға және салықтық тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Қанша айыппұл салынады және қашан салына бастайды

Айыппұл тек қана кіріс жасырын деп танылған жағдайда ғана қолданылады. Мұндай жағдайда тіркелмеген қызмет үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл; төленбеген салық сомасының 200%-ына дейін қосымша төлем талап етіледі. Бұл  тексеру мен түсіндіру жұмыстары аяқталған соң жүзеге асырылады.

Қазақстандықтар хабарламаны 2026 жылғы 15 сәуірден кейін ала бастайды. Сол уақытқа дейін банктер бірінші тоқсанға (қаңтар, ақпан, наурыз) қатысты деректерді Мемлекеттік кірістер комитетіне береді. Мәліметтер тексерілгеннен кейін салық органы тек барлық талаптарға сәйкес келетін аударымдары бар тұлғалармен ғана байланысады.

Серіктес жаңалықтары