Батыс Қазақстан облысындағы жанжал ушығып барады. Бұған дейін аудандық әкімдік қызметкері 16 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінгені хабарланған еді. Бұл туралы жәбірленушінің әкесі айтқан. Кейінірек жасөспірімнің анасы шағымы жоқ екенін мәлімдеп, қызы интимдік қатынасқа өз еркімен түскенін айтқан. Алайда енді әкесі қайтадан ашық мәлімдеме жасап, жәбірленушілер саны одан да көп болуы мүмкін екенін, істі «жабуға» тырысып жатқанын айтты. Ulysmedia.kz қазіргі таңда белгілі болған деректерді жинақтады.
Не болған еді?
Кеше аудандық әкімдіктің ірі шенеунігіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарады. Шыңғырлау ауданының тұрғыны мемлекеттік қызметкер қызына зорлық жасағанын айтып, істің жабылып қалуынан қауіптенетінін жеткізген.
– Ол өз кінәсін мойындады, қызым оны таныды. Бірақ полиция оны үйіне жібере салды. Ал кейін ол маған қоқан-лоққы көрсете бастады, – деді қыздың әкесі.
Бүгін 16 жастағы қыз бен оның анасы айыптаудан бас тартқаны белгілі болды. Олардың айтуынша, қарым-қатынас екі жақтың келісімімен болған. Полиция Қылмыстық кодекстің 120-бабы — «Кәмелетке толмағанды зорлау» бойынша іс тіркелгенін растады. Алайда департамент өкілдері:
– Тергеу барысында хат алмасулар мен басқа да материалдар зерттелді, кәмелетке толмағанға қатысты зорлық белгілері анықталған жоқ, – деп мәлімдеді.
Қысым болған ба?
Соған қарамастан, қыздың әкесі шенеуніктің жазалануы үшін күресін жалғастыратынын айтты. Оның сөзінше, ол полицияға қаңтардың басында-ақ жүгінген. Сол кезден бастап өзіне қысым көрсетіле бастағанын алға тартады.
– Қызымның көзіне қалай қараймын? Менің тағы төрт жастағы қызым бар. Полицияда маған, әйеліме, қызыма қатты қысым жасалды. Арызды қайтарып алуға үгіттеді. Әйелім мен қызымды бөлек кабинетке апарып сөйлескен. Оларға «осылай айту керек» деп тапсырма берген. Мен бұдан бейхабар болдым. Бірақ мен арыздан бас тартпайтынымды, істі сотқа жеткізетінімді айттым, – дейді ол.
Әкесінің айтуынша, күдікті бастапқыда кінәсін мойындаған, бірақ бірнеше күннен кейін адвокат жалдап, сөзінен айныған. Сондай-ақ шенеуніктің туыстары оларға ақша ұсынғанын жеткізді.
– Ол мас күйінде бөлімшеге келді де, қызымды зорлағанын мойындады. Екі күннен соң «оны 20 жаста деп ойладым, өзі қалады» деп шыға келді. Егер кінәсіз болса, неге әйелі үйімізге келіп, кешірім сұрап, ақша ұсынды? Полицияда да «ақшасын ал» деді. 10–20 миллион теңге, тіпті пәтер де ұсынды. Бірақ мен келіскен жоқпын. Бұл қызымның тағдырына ауыр соққы болар еді. Балаларға «бәрін ақша шешеді» деп үйретуге болмайды, – деді ол.
«Жәбірленуші біреу емес»
Жәбірленуші қыз колледжде оқиды. Оқу орнында оны есепке қою мәселесі қарастырылған. Алайда зорлық оқиғасы күндіз, түскі уақытта болғаны белгілі болған соң, бұл шешімнен бас тартқан.
– Мұның өзі де қысым. Полицияда бізге үнемі «қызың өзі кінәлі» деп айтып отырды. Бұл олай емес. Мен айып тағылып, істің сотқа жетуін талап етемін. Ол міндетті түрде сот арқылы жазалануы керек, – дейді қыздың әкесі.
Студент қыздың әкесі осы мемлекеттік қызметкердің тағы бір кәмелетке толмаған қызға қатысты да зорлық жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, күдікті өзін жас жігіт ретінде таныстырып, әлгі қызбен хат алмасқан, кейін үйіне шақырып, күш қолданған.
«УН» басылымына берген сұхбатында дереккөз екінші қыздың отбасын танитынын айтты. Оның сөзінше, оқиға желтоқсан айында болған, алайда олар полицияға арызданбаған. Бұған құқық қорғау органдары тарапынан немесе шенеуніктің туыстарынан қысым болуы мүмкін деген қауіп себеп болған. Сондай-ақ, әкесінің айтуынша, ол қызға да қорқыту сипатындағы дауыстық хабарламалар жіберілген.