Атырау қаласының тұрғыны Алмагүл Қонарбаева дер кезінде тиісті медициналық көмек көрсетілмеу салдарынан ана болу мүмкіндігінен айырылып қалғанын, алайда кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту талабы әлі күнге дейін жауапсыз қалып отырғанын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қан кету кезінде медициналық көмек көрсетілмеген
Алмагүлдің айтуынша, аналық безіне жасалған операциядан кейін қан кетуді дәрігерлер тоқтатудың орнына, жолдамамен бір-біріне сілтеп, уақытында көмек көрсетпеген, салдарынан екі жатыр түтікшесі алынып тасталған. Енді ана бола алмайды.
«2025 жылғы 25 қыркүйекте Атырау облыстық онкология диспансерінде маған аналық без кистасына операция жасалды. Операциядан кейін ауруханадан шықтым. Алайда шыққан соң қан кету және түнгі ауырсыну белгілері тоқтамады. Түнгі уақытта ұйқым бұзылып, жағдайым нашарлады. Осыған байланысты тұрғылықты мекенжайым бойынша Атырау қаласындағы N7 қалалық емхананың гинеколог дәрігеріне және емхана басшылығына бірнеше рет жүгіндім. Гинеколог дәрігер менің жағдайымды ескеріп, онкогинекологқа жолдама берді. Соған қарамастан онкогинеколог дәрігер мені мекенжайыңыз бойынша қараласыз деген уәжбен кері қайтарды. Ал 7-қалалық емхана өз кезегінде мені қайтадан онкология диспансеріне жіберді, сөйтіп мен екі медициналық ұйымның арасында жүріп қалдым. Осы уақытта денсаулығым нашарлап, уақтылы әрі тиісті медициналық көмек көрсетілмегендіктен, қан кету жалғаса берді. 2025 жылғы 17 желтоқсанда жедел жәрдеммен Атырау облыстық ауруханасына түстім. Екінші операция жасалып, екі жатыр түтікшесі алынды. 31 желтоқсанда беліме ісікке байланысты операция жасалды. Мен енді ана бола алмаймын. Уақытында көмек көрсетілгенде осылай болмас еді», – дейді атыраулық қыз.
Тәуелсіз сарапшы тартылып, дәрігердің қатесі дәлелдену керек
Алмагүл Қонарбаева бірінші операцияның дұрыс жасалғанына күманданады.
«Егер бәрі дұрыс жасалса, қан кетпес еді. Мүмкін дер кезінде көмек көрсетілсе, осындай күйге түспес пе едім деп ойлай беремін. Мен облыстық медициналық және фармацевтикалық департаменттің басшысына бірінші операция дұрыс жасалды ма, соны анықтау үшін тәуелсіз сарапшы шақыртып, тексеруін сұрап өтініш жаздым. Олар Денсаулық сақтау басқармасына, Денсаулық сақтау басқармасы онкология мен 7-қалалық емханаға жіберіп отыр. Қаңтар айынан бері Ақтөбеден тәуелсіз сараптама шақыруды сұрап отырмын. Екі ай өтті. eotinish.kz-пен, әлеуметтік желі арқылы арыз жазумен келемін. Ешкімнен ешқандай ресми жауап жоқ. Мекемелер бір-біріне сілтеумен келеді. Жаңа Қазақстанда әділдік қайда.Мен арызымды тіркеп, тәуелсіз медициналық сарапшы шақыртып, мәселені заңға сәйкес нақты шешуді сұраймын », - дейді Атырау тұрғыны.
Алмагүл Қонарбаеваның айтуынша, егер дәрігер кінәсі дәлелденсе, қылмыстық іс қозғалуы тиіс.
«Ол үшін тәуелсіз сарапшының қорытындысы керек. Сарапшы дәрігердің қатесі болғанын толық дәлелдесе, қылмыстық іс қозғалуы тиіс. Әзірге менің арызымды ешкім құлағына ілмей отыр. Әр қыздың арманы ана болу», - дейді әділдік іздеп шырылдаған атыраулық қыз.
Алмагүл Қонарбаева әлеуметтік желіде әділдік іздеп шырылдап, құзырлы мекемелерді белгілеген соң Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті тұрғынның өтінішіне орай жауап қалдырған.
“2026 жылғы 10 ақпанда ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы А.Абилованың қабылдауы кезінде Сіздің өтінішіңіз бойынша түсіндірме берілді. Ертеңгі, яғни 2026 жылғы 24 ақпанда болатын азаматтарды қабылдау кезінде де өтінішті қарау мәселелері айтылатын болады”, - деген жазба қалдырған.
Дәрігерлердің жауапсыздығынан жап шегіп, арыз-шағымы қаралмай отырған жан қаншама. Алмагүлдің басындағы жағдай соның бір мысалы ғана. Медициналық мекемелердің жауапсыздығынан тұрмыс құрмаған қыздың өміріне балта шабылды. Редакция мәселені назарда ұстайтын болады.