Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жедел штаб мүшелерімен Бурабай ауданының Щучинск қаласындағы қазіргі ахуалды талқылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Жедел штаб отырысында аудан әкімі Арай Садықов, ТЖД басшысының орынбасары Мұрат Қанғожинов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина қабылданған әрекет ету шаралары мен зардап шеккендердің жағдайы туралы баяндады.
Өңір басшысы Марат Ахметжанов зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетуді, медициналық көмектің уақытылы ұйымдастырылуын және жедел жәрдем бригадаларының тәулік бойы кезекшілігін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар оқиға себептерін объективті тергеу, кінәлілерді жауапкершілікке тарту және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейту міндеттелді.
Қазіргі таңда қаза болған алты отбасыға 2 миллион теңге көлемінде біржолғы төлем берілді. Қаза тапқандардың отбасыларына дәмхана иесі қосымша 2 миллион теңгеден өтемақы төлеген. Өмірлік қиын жағдайға тап болған бес отбасының несиелері демеушілер есебінен жабылады. Заңнамаға сәйкес өзге де әлеуметтік төлемдер тағайындалған.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Еске салайық, газ-ауа қоспасының жарылысынан кейін "Центр плова" кафесінде өрт шықты. Оқиға салдарынан 28 адам зардап шекті. Бес адам оқиға орнында қаза тапса, тағы екеуі ауруханада көз жұмды. Қазіргі уақытта 13 адам медициналық көмек алып жатыр.