Алматыда бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған ғимарат сатылымға шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы Алматыдағы Kaisar plaza сауда-кеңсе орталығын сатуды жоспарлап отыр.
Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығы заңсыз жолмен алынғаны анықталып, 2023 жылы қаржы министрлігінің балансына берілген. Қазір нысанды мемлекеттік аукцион платформасы арқылы сатуға шығару жоспарланып отыр. Бастапқы бағасы 61 млрд теңгеден басталады. Бұл сомаға ғимараттың өзі және оған тиесілі жер телімін жалға алу құқығы да кіреді.
Kaisar Plaza — тоғыз қабатты, автотұрағы мен панорамалық қабаты бар заманауи сауда-кеңсе орталығы. Ғимаратты 53 ұйым жалға алып отыр. Оның ішінде ірі банктерден бастап БАҚ өкілдері мен кофеханаларға дейінбар.
Kaisar Plaza-ны Кайрат Сатыбалды мемлекетке қайтарған. Қайтарылған активтер тізіміне сондай-ақ Kaisar Towers бизнес-орталығы, DoubleTree by Hilton Almaty қонақүйі, «АрСат» және «Maisat» бизнес-орталықтары, «Мегатау» сауда үйі, «Байсат» базары мен «Оптимум» бизнес-орталығы да бар.
Аукционға қатысу үшін кепілдік жарна 9,2 млрд теңгеден басталады. Аукцион 7 сәуірде басталады.
Фото: ticketon.kz
Контекст
Қайрат Сатыбалды – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың өзі мен жақын туыстары елдегі лауазымдарынан түсіп, кей активтерінен айырылды. Елде шетелге кеткен заңсыз активтерді қайтару бойынша науқан жүрді. Бірақ экс-президенттің өзінің және қыздарының үстінен іс қозғалып, активтері қайтарылды деген ақпарат болған жоқ.
Қайрат Сатыбалды 2022 жылы қыркүйекте серіктерімен бірге 40 млрд теңгені талан-таражға салды деген айыппен қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл бас бостандығынан айырылды. 2024 жылы тамызда қамауда отырып, ел жұрттан кешірім сұрады. Көп өтпей Өскемен қаласының №2 соты "Сатыбалды шығынның бәрін толық өтеді" деп шартты жазамен бостандыққа шығарды.
Ол 2022 жылы қамалғаннан бері Алматыда құрылысы бітпей тұрған бірнеше жылжымайтын мүлкін, бизнес орталықтарын, шетелдегі виллаларын, жиындық құны 732,8 млрд теңге болатын активін мемлекетке өткізген.