1 наурыздан бастап Қорғас шекара өткелінде жаңартылған бақылау-өткізу пункті жұмысын бастады. Жаңа жүйе шекарадағы кептелісті азайтуға бағытталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қорғас өткізу бекетінде коммерциялық автокөліктерге арналған алғашқы экспресс-өткізу арнасы ашылды. Бұл жаңашылдық «бір терезе» қағидатына негізделген және биометриялық тексеруге арналған паспортты автоматты түрде оқитын қосымша жабдықтармен қамтылған.
Ең бастысы — барлық рәсімді жүргізушілер көліктен түспей-ақ орындай алады.
— Процестің бәрі өте жеңіл өтті. Бұрын шекаралық бақылаудағы барлық формальды процедуралар қызметкерлер арқылы тіркеу орнында жасалатын. Қазір мен тек төлқұжатымды сканерлеймін, құрылғыға қараймын және саусақ ізімді қалдырамын. Барлығы жылдам әрі өте ыңғайлы болды, — деп келтіреді бір жүргізушінің сөзін «Синьхуа» басылымы.
АЙТА КЕТЕЙІК
Қорғас — Қытайдағы экспортқа арналған автокөліктер өтетін ең ірі құрлықтағы шекара бекеті. Күн сайын осы өткел арқылы Қазақстан мен Өзбекстанға 1000-нан астам көлік жөнелтіледі. Өткен жылы автокөлік экспорты рекордтық көрсеткішке жетіп, 450 мың бірлікті құраған.