Қазақстан Таяу Шығыс елдеріндегі жағдайдың ушығуына байланысты азаматтарды эвакуациялау жөніндегі жедел штаб құрды. Алдын ала мәлімет бойынша, қақтығыс аймағында шамамен 5 мыңға жуық қазақмстандық жолаушы бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жағдай күрделене бастағаннан кейін Президенттің тапсырмасымен арнайы штаб Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі базасында құрылған.
Министрдің айтуынша, әуе арқылы эвакуация екі негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылған. Түркия және Сауд Арабиясы арқылы, әрі қарай Қазақстанға жеткізу жоспарланған.
Алғашқы эвакуациялық рейсті Flydubai әуе компаниясы орындады. Қазақстан тарапынан Air Astana және SCAT Airlines әуе компанияларының алты ұшағы жұмылдырылған.
Министрдің айтуынша, жолаушылар саны өзгеріп отырады.
Оман және Сауд Арабиясы арқылы эвакуация
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Flydubai рейсі 28 ақпанға дейін билет сатып алған, бірақ 1–2 наурыз күндері ұша алмаған азаматтарға арналғанын айтты.
Оның айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктері әуе кеңістігін жапқанымен, әуе компанияларына бұрын сатылған билеттер бойынша міндеттемелерін орындауға рұқсат берілген. Транзит аймағында билеті жоқ, сондай-ақ БАӘ мен Катар аумағында жүрген Қазақстан азаматтары көрші мемлекеттер арқылы шығарылатын болады.
“Дубай қаласынан қазақстандықтарды алып шығатын алғашқы автобус колоннасы жолға шықты. Кешке дейін Оман арқылы 467 азаматты елге қайтару жоспарланып отыр”, - деді Бақаев.
Сондай-ақ Сауд Арабиясы арқылы бағыт қалыптастырылуда, азаматтар Катардан автобуспен Эр-Рияд қаласына, одан әрі Жидда қаласына жеткізіледі. Сол жерден қазақстандық әуе компаниялары арнайы рейстер орындайды.
Ираннан азаматтарды шығару
Иран аумағынан эвакуация жерүсті жолдары арқылы Армения, Әзербайжан және Түрікменстан арқылы жүзеге асырылуда.
“Түрікменстан аумағы арқылы Иранның солтүстігіндегі Горган қаласында болған 18 Қазақстан азаматы елге шығарылды” - деді Бақаев.