Саясаттанушы Рустам Бурнашев Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы қақтығыс шекара маңындағы текетірестен әрі асады деп есептемейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сарапшы пікірі
Оның айтуынша, маңызды нысандарға жасалған соққылар туралы кейбір мәліметтер тек пропаганда болуы мүмкін. Мұндай жағдай бұрын Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыстар кезінде де байқалған.
Сарапшының пікірінше, екі тарап та билікті өзгерту немесе үлкен аумақтарды басып алуды көздеп отырған жоқ.
- Тәліптер қозғалысы Пәкістанның кәсіби армиясын жеңе алмайды. Ал Исламабад Ауғанстан аумағын басып алған жағдайда партизандық соғысқа тап болудан қауіптенеді, – дейді саясаттанушы.
Босқындар мәселесі
Бурнашевтің сөзінше, қақтығыс күшейген күннің өзінде Орталық Азия босқындар үшін негізгі бағытқа айналуы екіталай.
- Біздің өңірдегі бірде-бір ел босқындарды қабылдауға дайын емес. Мүмкін, Тәжікстан ғана белгілі бір деңгейде қабылдауы мүмкін, бірақ оның мүмкіндігі шектеулі. Түрікменстанның ұстанымын болжау қиын, алайда ол да босқындардың үлкен ағынына мүдделі емес шығар, – дейді Рустам Бурнашев КазТАГ агенттігіне.
КОНТЕКСТ
БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, Пәкістанмен шекарадағы қақтығыстар салдарынан Ауғанстанда шамамен 66 мың адам үйлерін тастап кеткен.
Аймақтағы шиеленіс Ауғанстан билігін бақылап отырған «Тәліптер» қозғалысы Дюранд сызығы бойында пәкістандық әскерилерге қарсы операция бастағаннан кейін күрт күшейген. Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы бұл шекара шамамен 2640 шақырымға созылады.