×
493.36
572.84
6.29
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
493.36
572.84
6.29

«Жоғары жақтан хабар келді»: Түркістанда сау жігітті 37 күн мәжбүрлеп емдеген

Бүгін, 12:20
«Жоғары жақтан хабар келді»: Түркістанда сау жігітті 37 күн мәжбүрлеп емдеген
Ulysmedia коллажы

Түркістан қаласының 30 жастағы тұрғыны Өмірбек Мұхаммад өзін полицейлер мен жедел жәрдем бригадасы заңсыз психиатриялық медициналық ұйымға апарып, ем қабылдауға мәжбүр еткенін айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сау адамды психиатриялық медициналық ұйымға апарып емдеткен

Өмірбек Мұхаммадтың айтуынша, бұл оқиға 2025 жылғы қарашада фельдшерлердің жалақысын көтеру туралы мемлекеттік органдарға жолдаған ресми өтініштерінен кейін басталған. Сонымен қатар, ол еліміздің әр өңіріндегі медицина қызметкерлерінің пікір алмасуына арналған WhatsApp тобын құрған. Осыдан кейін Түркістан қалалық полиция басқармасы қызметкерлері бірнеше рет үйіне келіп, топты жабу жөнінде ауызша ескерту жасаған.

- 2025 жылғы 5 желтоқсан күні сағат 14:30 шамасында екі полиция қызметкері мені осы іс бойынша түсініктеме бересіз деген уәжбен тұрғылықты мекен-жайымнан Түркістан қалалық полиция басқармасына алып кетті. Мен полиция басқармасының ғимаратында сағат 14:40-тан 17:40-қа дейін, шамамен үш сағат бойы тергеуде болдым. Екі жедел уәкіл бір сұрақты бірнеше рет қайталап қойып, маған «үкіметке қарсы шығып жүрсің», «халыққа үгіт-насихат жүргізіп отырсың» деген сөздер айтты. Сағат шамамен 17:30-да өзімді нашар сезініп, жүрегім айнып құсқым келіп тұрғанын айттым. Осыған байланысты жедел жәрдем шақырды, – дейді ол.

Жігіттің айтуынша, полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы оны медициналық тексеруге апарамыз деген желеумен Шымкент қаласы аумағындағы психиатриялық медициналық ұйымға апарған. Сол кезде олардың қолында дәрігерлік-психиатриялық комиссияның қорытындысы, соттың заңды күшіне енген үкімі болмаған және оған өзі ерікті келісім бермеген.

- Анамның маған қатысты жазған арызын негізге ала отырып, полиция қызметкерлері жедел жәрдем бригадасының қызметкерлерімен бірге Шымкент қаласындағы клиникалық ауруханаға медициналық тексерілуге апарамыз деп мені алдап, ештеңе түсіндірместен, еркімнен тыс Шымкент қаласының психиатриялық медициналық ұйымына жеткізді, – дейді ол.

Айтуынша, ол психиатриялық-медициналық мекемеде 48 сағат бақылауда болған.

- Осы мерзім аяқталғаннан кейін бөлім меңгерушісі, кезекші дәрігер және бас дәрігердің екі орынбасары маған психологиялық қысым көрсетті, шешім қабылдау еркіндігім шектелді және маған екі нұсқа ұсынылды. Өз еркіңмен 10–15 күн жатасың, жеңіл диагноз қоямыз, психиатриялық диспансерлік есепке алмай шығарамыз немесе келіспесең сот арқылы еріксіз қайта әкелеміз, диагнозыңды шизофрения деп қоямыз, дәрі-дәрмектерді күшпен саламыз және психиатриялық диспансерлік есепке аламыз деді, – дейді Өмірбек Мұхаммад.

Жігіт осы қысым салдарынан өз еркімен емделуге келісемін деген жазбаша келісім беруге мәжбүр болғанынын, алайда уәде етілген мерзімнің орнына 37 күн ауруханаға жатқызылып, психиатриялық диспансерлік есепке алынғанын айтады.

Оның айтуынша, ауруханада жатқан кезде әкесімен және басқа да жақын туыстарымен кездесуіне мүмкіндік берілмеген. Тек 2026 жылғы 12 қаңтарда ғана медициналық ұйымнан шыққанда әкесімен кездескен.

Анасы жоғары жақтан хабар келгенін айтқан

Мұхаммад Әділбекұлы өзін психиатриялық ұйымға жеткізуге негіз болған арыз туралы тек диспансерден шыққаннан кейін ғана білгенін айтады. Арызды анасы бергені медициналық құжатта көрсетілген екен. Алайда ол арыздың мазмұны ресми түрде өзіне түсіндірілмегенін жеткізді.

- 2025 жылғы 5 желтоқсанда анамның Түркістан қалалық полиция басқармасына маған қатысты арыз жазғанын мен тек 2026 жылғы 12 қаңтарда психиатриялық диспансерден шыққаннан кейін ғана білдім, – дейді ол.

Жігіт редакциямызға туыстарымен телефон әңгімелерінің аудиожазбаларын да жіберген. Аталған жазбаларда арызды анасы өз еркімен жазбағаны, оған белгілі бір лауазымды тұлғалар қысым көрсеткенін айтады.

- Өз ісіне өзі кінәлі. Фельдшердің айлығы көбейсін деп жазған. Қазір бүлікшінің қатарында тұр. Маған директор екі -ақ нұсқа бар екенін айтты. Соттайды немесе емдеуге жібересің деді. Хабар жоғары жақтан келді деді. Мен оған арыз жазған жоқпын, мен білмеймін. Мен емдетуге жіберемін, болды дедім, – дейді анасы.

Ер адам 2024 жылы анасының арызы бойынша сотқа тартылғанын, бірақ  психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысы бойынша қорлау белгілері анықталмаған соң ақталғанын, содан бері бір-бірімен хабарласпағанын, бөлек тұратындарын айтады.

Жігіттің талабы

Өмірбек Мұхаммад өзінің психиатриялық-диспансерлік есепке қойылуын заңсыз әрі негізсіз деп есептейді. Осыған байланысты ол қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қойылған диагнозды заңсыз деп танып, оны жоюды және психиатриялық-диспансерлік есептен шығаруды, қажет болған жағдайда тәуелсіз психиатриялық сараптама тағайындауды сұрайды. Сонымен қатар ол полиция, жедел жәрдем және психиатриялық мекеме қызметкерлерінің әрекеттерін тексеріп, кінәлілерге заңға сәйкес шара қолдануды талап етеді.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы не дейді

Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасы ер адамның мәлімдемесіне түсініктеме берді.

- Желіде шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер тараған. Азамат медициналық ұйымда өз жазбаша өтініші негізінде ем қабылдаған. Сонымен қатар оның жақын туысының жазбаша келісімі бар. Бұл жағдайлар тиісті құжаттармен расталған. Медициналық көмек «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің талаптарына сәйкес толық көрсетілген. Пациент белгіленген тәртіп бойынша стационарлық ем қабылдады. Диагноз дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде қойылған. Барлық емдік-диагностикалық іс-шаралар бекітілген клиникалық хаттамалар мен қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер шеңберінде жүргізілген. Қажет болған жағдайда материалдар қолданыстағы заңнама аясында уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынылуы мүмкін”, - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары