АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Вашингтон Үндістанға Ресей мұнайын алдағы 30 күн ішінде сатып алуға рұқсат беретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шешім Иранға қарсы соғыс салдарынан туындаған жанармай тапшылығына байланысты қабылданған, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
АҚШ қаржы министрлігі Үндістанның мұнай өңдеу зауыттарына Ресей мұнайын сатып алуына қатысты тыйымды уақытша алып тастады. Бұл туралы Скотт Бессент X әлеуметтік желісінде жазды.
Министрдің сөзінше, бұл шешім «қысқа мерзімді әрі Ресей үкіметіне айтарлықтай пайда әкелмейтін» шара. Оның мақсаты – Иранға қарсы соғыс жағдайында мұнайдың әлемдік нарыққа үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, Үндістан тек теңізде тұрған Ресей мұнайын сатып ала алады. Бессент АҚШ Үндістанды маңызды стратегиялық серіктес деп есептейтінін, алдағы уақытта Нью-Дели Америка мұнайын сатып алуды ұлғайтады деп үміттенетінін айтты.