Қазақстанда бір банк арқылы шетелге 7 трлн теңге шығарылған болуы мүмкін деген. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл дерек бойынша тексеріс жалғасып жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТЕКСЕРІС
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазір бұл мәселеге байланысты тексеру жүргізіліп жатыр. Қосымша мәліметтер тексеріс аяқталғаннан кейін белгілі болады.
– Бұған дейін айтқанымыздай, тексеріс жүріп жатыр. Қосымша ақпарат тек тексеру аяқталған соң белгілі болады. Тексерісті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізіп жатыр, оған Ұлттық банк пен Қаржы мониторингі агенттігі де қатысады. Сондықтан тексеру туралы барлық ресми құжаттар – тексеру басталғаны, оның мерзімі немесе ұзартылуы – осы агенттіктің атынан рәсімделеді. Сол себепті нақты мәліметті солардан сұраған дұрыс, – деді Сүлейменов.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Еске салайық, 28 қаңтар күні Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қазақстандық банктердің бірі 2025 жылы көрші мемлекеттен келген 7 трлн теңгеден астам қаржыны (шамамен 14 млрд доллар) шетелге аударғанын айтқан.
Президент бұл жағдайды «шектен шыққандық» деп бағалап, заңсыз қаржылық операцияларды бақылауды күшейтуді тапсырған. Алайда сол күні Ақорда бұл мәлімдемені өз ресми парақшаларынан алып тастаған. Бұл жағдай түрлі болжамдардың тууына себеп болды.
КОНТЕКСТ
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов 7 трлн теңге мәселесіне қатысты түсініктеме бергеннен кейін қызметінен кеткен.
Ақордада оның қызметтен кетуі «өз өтініші негізінде» болғаны айтылды.