Еуропадан келген санкцияланған жабдық алдымен Қазақстанға жеткізіліп, кейін Ресейге жіберілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Таллин қаласындағы Харью уездік соты ресейлік кәсіпкер Иван Анчевский мен оның Melytec Europe OÜ компаниясын халықаралық санкцияларды бұзды деп таныды. Тергеу мәліметінше, олар Ресейдің әскери өнеркәсібіне арналған жоғары технологиялық жабдық жеткізумен айналысқан.
Ресейдегі Melytec компаниясы металдың беріктігін тексеруге арналған швейцариялық құрылғыларды Эстониядағы Melytec Europe OÜ компаниясы арқылы сатып алған. Кейін бұл жабдық Қазақстанға жеткізіліп, одан әрі Ресейге жөнелтілген.
Прокурордың айтуынша, Анчевский Ресейге шамамен 1 млн еуро тұратын алты құрылғы жеткізген. Солардың кемінде біреуі әскери өндірісте қолданылған.
Прокурор Верте бұл жабдықтың не үшін қажет екенін түсіндірді. Оның айтуынша, дрон жасау кезінде инженерлер бөлшектердің мықтылығын тексеруі керек. Арнайы құрылғы бөлшектің дірілге және сыртқы әсерге қаншалықты төзімді екенін тексеріп, оның ұшу кезінде бұзылып кетпейтінін анықтауға көмектеседі.
Тергеу мәліметінше, санкцияларды айналып өту үшін Қазақстан, Эстония, Венгрия және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі делдалдар пайдаланылған.
СОТ ШЕШІМІ
Нәтижесінде сот Иван Анчевскийді 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Ал оның Melytec Europe OÜ компаниясына 3 млн еуро көлемінде айыппұл салынды.