Ақтауда бірнеше айдан бері есірткі бизнесімен байланысты «трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ» туралы резонансты іс қаралып жатыр. Әңгіме шамамен екі миллиард теңге төңірегінде болып отыр. Айыпталушы орындығында наркобарон да, қылмыстық топтың ұйымдастырушысы да емес, қарапайым кассир Өнербек Әмірқұлов отыр. Тергеу оны қылмыстық схеманың бір бөлігі болған деп есептейді.
Алайда сот процесі алға жылжып, ақ-қара айқындалған сайын бұл істе түсініксіз жайттар көбейіп келеді. Ulysmedia.kz тілшісі сот отырыстарына қатысып, дәлелдердің қалай зерттеліп жатқанын бақылады. Көрген жайттар көптеген сұрақ тудырады.
Бәрі неден басталды?
2025 жылдың 26 наурызында Шымкенттегі «Нұрбанк» филиалында арнайы операция өтеді. Банкке күштік құрылым қызметкерлері кіріп келіп, бірнеше адамды ұстайды. Солардың арасында Өнербек Әмірқұлов та бар.
Оның сөмкесінен ірі көлемдегі сома - бір миллиардтан астам теңге және 176 мың доллар табылған. Тергеу бірден бұл қаражат есірткі саудасынан түскен табыс екенін және Әмірқұлов Telegram арқылы синтетикалық есірткі сатқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар екенін мәлімдейді.
Бұл ақпарат көп ұзамай жария түрде таратылады. 2025 жылдың наурызында-ақ Маңғыстау облысының прокуратурасы мен Бас прокуратура «трансұлттық наркожелінің әшкереленгенін» ресми түрде хабарлаған. Алайда сол кезде сот процесі әлі басталмаған еді.
Ал қазір сот барысында істен көптеген күмәнді жайттар шыға бастады.
Әмірқұлов кім және миллиардтар қайдан шыққан?
Өнербек Әмірқұлов – 41 жаста. Оның әйелі, үш баласы және науқас қарт анасы бар. Ол кәсіпкер Ермахан Жайсаңбаевтың компаниясында кассир болып жұмыс істеген.
Оның міндеті компанияның тауар айналымынан түскен ақшаны тасымалдап, банктегі есепшоттарға салу болған. Ұсталған күні де ол сол қалыппен жұмысын істеген.
Кәсіпкер Ермахан Жайсаңбаевтың айтуынша, тәркіленген ақша – оның бизнесінің айналым қаражаты. Ол көрші елдерден, соның ішінде Қытайдан тауар жеткізумен айналысады.
Кәсіпкердің сөзінше, қаражаттың заңды екенін бухгалтерлік құжаттар, аудиторлық қорытынды және мемлекеттік кірістер басқармасының тексеруі растайды. Компания бес жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді және салық бойынша берешегі жоқ.
Соған қарамастан ақшаға тыйым салынып, кассир тергеу изоляторына қамалған.
Өнербек Әмірқұлов
Кассир қалай адасты?
Тергеу мынадай нұсқаны ұсынған. Алдымен, Ақтауда полиция қызметкерлері бақылау үшін Telegram-арна арқылы 27 мың теңгеге синтетикалық есірткі сатып алады. Ақша банктік картаға аударылады.
Содан кейін тергеу ақшаның шоттар бойынша қозғалысын бақылауға алады. Осы тізбекте Тұрғынбаев есімді адам пайда болады. Тергеушілердің айтуынша, ол бақылауда болған есепшоттан 2 400 000 теңге шешіп алған.
Алайда тәркіленген ақша көлемі бір миллиард теңгеден асады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, дәл осы Тұрғынбаев Әмірқұлов ұсталған күні банкке шамамен 100 миллион теңге әкелген.
Бірақ мұнда шикілік бары байқалады. Тергеу дерегінше, Тұрғынбаев дәл осы шоттан қолма-қол ақша алып жүрген. Соған қарамастан ол сотта айыпталушы емес, куәгер ретінде сұралады. Ал кассир Әмірқұлов, кәсіпкер Ералиев және тағы бір фигурант Олег Чечин айыпталушы ретінде қатысады.
Тергеу нұсқасы бойынша, Әмірқұлов ұйымдасқан қылмыстық топқа мүше болып, есірткіден түскен қаражатты заңдастыруға және заңсыз валюта айырбастауға көмектескен. Яғни айыптау нұсқасы бойынша, оның міндеті ақшаны алып, оны еуроға айырбастап, ақшаның келу жолын жасыру болған.
Алайда іс материалдарында бұл нұсқаға күмән келтіруге негіз болатын дерек бар. Қорғау тарабы «Нұрбанк» берген анықтаманы ұсынды. Онда ұсталған күні компания 199 мың еуро сатып алу туралы ресми өтінім бергені көрсетілген. Яғни операция банк арқылы заңды түрде жүргізілуі тиіс болған. Бірақ ақша айырбастау жүзеге аспай тұрып тәркіленген. Ондаған миллион қайда жоғалды
Сот отырыстарының бірінде банктің бейнебақылау камераларының жазбалары қаралды. Кадрларда ақша салынған сөмкелердің бір кассадан екіншісіне тасылып жатқанын және күштік құрылым қызметкерлерінің қолма-қол ақшаны санағаны көрінеді.
Алайда ең маңызды сәт, яғни ақшаны ресми тәркілеу рәсімі видеода жоқ.
Судья Ғафур Шаров прокурорлардан куәлер хаттамаларға қол қоятын сәт түсірілген бейне бар-жоғын сұрады. Айыптаушы тарап мұндай жазба жоқ екенін айтты.
Қорғау тарабы тағы бір сәйкессіздікке назар аударады. Адвокат Қуат Аманжоловтың айтуынша, іс материалдарында әртүрлі ақша сомалары көрсетілген.
– Әмірқұловтың айтуынша, тәркілеу кезінде 1 миллиард 171 миллион теңге болған. Банк кассирлері 1 миллиард 128 миллион деді. Ал сақтау үшін есепшотқа 1 миллиард 151 миллион теңге ғана аударылған. Айырмашылық – шамамен 20 миллион теңге. Бұл ақша қайда кеткені белгісіз, – дейді адвокат.
Қуат Аманжолов
Кәсіпкер Жайсаңбаевтың айтуынша, айырмашылық бұдан да көп болуы мүмкін.
– Банк кассирі 1 миллиард 128 миллион санағанын айтты. Сол күні тағы 104 миллион теңге әкелінді. Сонда жалпы сома 1 миллиард 200 миллионнан асады. Ал тергеуші бар болғаны 1 миллиард 151 миллион деп көрсеткен. Ондаған миллион теңге қайда кеткені түсініксіз, – дейді ол.
Кәсіпкер барлық қаражаттың заңды екенін тағы да атап өтті.
Неге бұл іс күмән тудырады?
Сотта негізгі сұрақтардың бірі мынадай болды: егер ақша есірткі саудасынан түскен болса, неге айыптауда ол бір мезетте заңсыз валюта айырбастаудан түскен табыс ретінде де көрсетілген?
Бұл қаражаттың шығу тегі туралы екі түрлі нұсқа барын көрсетеді.
Тағы бір түсініксіз жайт – айыптау актісінде наркотоптың мүшелері бір-бірін танымайтыны және байланыс жасамағаны айтылған. Соған қарамастан олар ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері ретінде көрсетілген.
Бір ҰҚТ құрамында болып, бір-бірін мүлде танымайтын адамдар қалай әрекет еткені сотта әзірге нақты түсіндірілген жоқ.
Әмірқұловтың адвокаты оның бұл іске кездейсоқ тартылғанын айтады.
– Дәлелдерді зерттеу барысында Әмірқұловтың қылмыстық әрекеті анықталған жоқ. Оның кінәсі дәлелденбеді. Ол тек кассир, тағылған айыпқа қатысы жоқ, – деді адвокат Қуат Аманжолов.
Тергеу неге қырсығып отыр?
Сот кулуарларында тағы бір нұсқа талқыланып жатыр. 2025 жылдың көктемінде күштік құрылымдар трансұлттық наркоарнаның әшкереленгені туралы қуана хабарлаған. Бұл ақпаратты Бас прокуратура мен Маңғыстау облысының прокуратурасы кеңінен таратқан.
Хабарламаларда қылмыстық схема толық дәлелденгендей әсер қалдырған. Бірақ ол кезде тергеу енді ғана басталып жатқан, ал сот әлі тағайындалмаған еді.
Енді сот процесі жүріп жатқанда «егер дәлелдер бұрын айтылғандай бұлтартпастай болып шықпаса не болады» деген сұрақ туындады.
Онда «әшкереленген нарко-ҰҚТ» туралы бүкіл елге неге сот шешіміне дейін жарияланғанын түсіндіруге тура келеді.
Құқық қорғау жүйесінде мұндай ірі істер кейде марапаттар мен қызметтік өсудің себебіне айналатыны белгілі. Егер «наркоарна» туралы тарих бұрын айтылғандай біржақты емес екені анықталса, асығыс қорытынды жасағандарға жауап беруге тура келеді.
Іс қалай аяқталуы мүмкін?
Қазір сот процесі жалғасып жатыр.
Негізгі сұрақ – тәркіленген қаражат есірткі саудасынан түскен ақша ма, әлде кәдімгі бизнес айналымы ма – әлі анықталған жоқ.
Бұл сұрақтың жауабы кассир Өнербек Әмірқұловтың, кәсіпкер Ермахан Жайсаңбаевтың тағдырына әсер еткелі тұр.
Кәсіпкер өз құқығын соңына дейін қорғайтынын айтады.
– Егер заңды шешім болмаса, апелляцияға береміз. Президентке де жүгінеміз. Менің кредиторларым бар, қарыздарым бар. Бізде басқа жол жоқ, – деді Жайсаңбаев.
Ақтаудағы сот процесі аяқталған жоқ. Ал бұл істің төңірегінде жауапсыз қалған сұрақтар әзірге аз емес.