Танымал ирандық кинорежиссер Маджид Маджиди қазіргі жағдайға қатысты пікір білдіріп, Иранның ұстанымы туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Режиссердің сөзінше, бүгінгі таңда Иран өзін ғана емес, әлемдегі езгі көрген халықтардың атынан әрекет етіп отыр, деп жазады Eurasia Today.
- Бүгін ұлы Иран әлемдегі барлық езілген және қысым көрген халықтардың атынан бала өлтірумен айыпталып отырған Израильге және АҚШ үкіметінің гегемониялық саясатына қарсы тұрып, қарсылық көрсетіп жатыр, – деді Маджиди.
Оның айтуынша, қазіргі қақтығыс тек әскери майдандағы шайқас қана емес.
- Бүгінгі соғыс – ақиқат пен жалғанның арасындағы күрес. Бұл күресте майдан шебі тек әскери аймақтармен шектелмейді. Ол қорғансыз адамдардың үйлеріне, ауруханаларға және жалғыз қорғаны – үміт қана болған балалардың мектептеріне дейін жетіп отыр, – деді режиссер.
Маджидидің пікірінше, әлемнің әртүрлі елдеріндегі көптеген адам Иран халқымен ниеттес. Ол әлемнің көптеген мемлекеттеріндегі халықтардың жүрегінде иран халқына деген шынайы жанашырлық бар екеніне сенетінін айтты. Себебі, режиссердің сөзінше, Иран халқының талабы – тәуелсіздік, ар-намыс және қысымға қарсы тұру.
- Бүгін – бүкіл әлемдегі еркін ар-ожданның оянатын күні. Бұл – әділетсіздікке қарсы шығып, адамдық қадір-қасиетті қорғауға дайын еркін адамдардың күні, – деді Маджид Маджиди.