Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмеуіне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мәжіліс отырысында депутат мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевқа сұрақ қойды.
- Екі жыл бұрын мемлекеттік қызметкер саны 89 мың дегеніңіз есімде. Қазір екі жыл өтті, дөңгелектеп жүз мың қылайық. Жүз мың мемлекеттік қызметкер 20 миллион халықтың 0,5 пайызы. Ал 100 мың қызметкердің 90 пайызы қазақтар. Солардың көп болса, 10-15 пайызы мемлекеттік тілді білмейді деп ойлағанның өзінде, бұл 20 миллион халықтың 0,5 пайызы. Енді осы мемлекеттік қызметкерлер үшін мемлекеттік тілді міндеттеу қашанғы кейінгі шегеріледі? Мұны айтып отырған себебім мемлекеттік қызметке кірер кезде Qaztest тапсырған кезде қазақ тілінен сұрақ бар, бірақ оған балл қойғанда 0 қойылады. Қазақ елінде қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің балы қашанғы 0 болады?, – дейді депутат.
Қазыбек Иса тиісті норманы ұсынғанын айтып, бұл мәселе қашан шешілетінін сұрады.
- Мемлекет басшысының өзі Қазақстан азаматтары мемлекеттік тілді білу парызы және міндеті деді. Бұл міндет ең алдымен мемлекеттік қызметкерлерден басталмай ма? – дейді депутат.
Дархан Жазықбаев екінші оқылымға дейін бұл мәселе қарастырылатынын айтып, қысқа жауап берді.
Бұл мәселе бойынша депутат Самат Мұсабаев та агенттік төрағасына сұрақ жолдады.
- Мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін меңгеруді міндеттеуге қашан нақты талап қойылады?, – деп сұрады депутат.
Дархан Жазықбаев бұл жолы да мемлекеттік қызметшілердің бәрі қазақ тілін білуі міндетті деп санайтынын айтып, қысқа жауап қайырды.