×
482.32
553.37
5.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
482.32
553.37
5.63

АҚШ Иранға әскер кіргізуі мүмкін: Вашингтон аймаққа қосымша күштерін жіберуді жеделдетті

Бүгін, 14:08
АҚШ Иранға әскер кіргізуі мүмкін: Вашингтон аймаққа қосымша күштерін жіберуді жеделдетті
Көрнекі сурет. Фото: Ашық дереккөзден

АҚШ Иранға қарай десанттық кемелер мен теңіз жаяу әскерін жіберуді жеделдетті. Бұған дейін Вашингтонда Иранға қарсы құрлықтағы әскери операция жүргізу мәселесі талқыланып жатқаны туралы айтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Американың NBC және Newsmax телеарналарының мәліметінше, АҚШ Таяу Шығыс аймағына десанттық кемелер мен теңіз жаяу әскерін жіберуді жеделдеткен. АҚШ-тың батыс жағалауынан аймаққа жоспарланған мерзімнен бір тәулік ерте USS Boxer кемесі бастаған десанттық жедел топ мен кемінде 2200 әскери қызметшісі бар 11-ші теңіз жаяу әскерінің экспедициялық корпусы аттанады. Сонымен бірге Иранға қарай USS Portland және USS Comstock кемелері жіберілмек.

Бұл кемелер аймаққа F-35 жойғыш ұшақтарын, зымырандар мен десантты құрлыққа түсіруге арналған техниканы жеткізуі тиіс. NBC мәліметінше, жалпы алғанда операцияға 4000-ға жуық әскери қызметкер қатысады.

Контекст

Бұған дейін БАҚ-та АҚШ Иран аумағында құрлықтағы әскери операция бастауы мүмкін деген ақпараттар тараған болатын.

Атап айтқанда, Вашингтонда соғысты жалғастырудың түрлі сценарийлері қарастырылып жатыр. Олардың қатарында құрлықтағы операцияны бастау, сондай-ақ Иран бұғаттаған Ормуз бұғазын әскери жолмен ашу мәселесі бар деген хабарлар тараған.

Тағы бір ықтимал сценарий ретінде Харк аралы аумағына құрлықтағы бөлімшелерді жіберу нұсқасы айтылған. Бұл арал Иран мұнайын экспорттауда негізгі орталықтардың бірі саналады.

Ал президент Дональд Трамп АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысына байланысты Таяу Шығысқа қосымша әскер жібермейтінін мәлімдеген болаты.

«Егер мен ондай қадамға барсам, сіздерге міндетті түрде айтпас едім. Бірақ мен әскер жіберіп жатқан жоқпын. Жағдайды бақылауда ұстау үшін қажеттінің бәрін жасаймыз», — деген Трамп Вашингтонда өткен баспасөз мәслихатында.

АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операциясын 28 ақпанда бастаған. Әуе шабуылы кезінде елді үздіксіз 37 жыл басқарған аятолла Әли Хаменеи мен бірқатар лауазымды қызметкерлер қаза тапқан. Тегеран қарымта ретінде Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери базалары мен Израильді атқылаған. Парсы шығанағындағы араб елдеріндегі азаматтық нысандарға да шабуыл жасалғаны туралы айтылған.

 

Серіктес жаңалықтары