×
482.33
557.57
5.74
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
482.33
557.57
5.74

Шалқарда қаза тапқан жасөспірімнің әкесі тергеуді әділ жүргізуді сұрады

Бүгін, 17:19
Шалқарда қаза тапқан жасөспірімнің әкесі тергеуді әділ жүргізуді сұрады
Ulysmedia коллажы

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында төбелес кезінде пышақ жарақатынан көз жұмған 17 жастағы Әлихан Жәнібековтің әкесі жергілікті билікке үндеу жасады. Ол облыс әкіміне, өңір прокурорына және полиция департаментінің басшылығына істі жан-жақты әрі әділ тергеп, кінәлілердің барлығын жауапкершілікке тартуды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Әкесінің айтуынша, оның ұлы 20 наурыз күні қатыгез шабуылдың құрбаны болған. Оның сөзінше, Шалқарда әртүрлі ауданның жасөспірімдері көп жылдан бері топ болып төбелесіп жүрген көрінеді. Бұл жергілікті тұрғындар үшін қалыпты жайтқа айналған, соның салдарынан көп жас зардап шеккен. Бұл туралы "Диапазон" басылымы жазды.

Жәнібек Әлимановтың айтуынша, жанжал оқиғаға бірнеше күн қалғанда басталған. Қайғылы күні оқиға орнына бір топ жас келген. Төбелес кезінде олардың бірі жасөспірімнің жүрек тұсына пышақ сұққан. Осыдан кейін жанжалға қатысқандар қашып кетіп, жараланған баланы сол жерде қалдырып кеткен.

Жасөспірімді кездейсоқ өтіп бара жатқан адам тауып алған. Ол оны ауруханаға жеткізбек болғанымен, жас жігіт жолда көз жұмып, медициналық көмек алып үлгермеген.

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі төбелеске шамамен 14-15 адам қатысқанын айтады. Алайда әзірше тек бір күдікті ұсталған. Оның сөзінше, қалған қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға берілмеген, дегенмен қылмыс топ болып жасалған.

Ер адам үндеуінде құқық қорғау органдарынан істі әділ тергеп, жанжалға қатысқан әр адамның әрекетіне заң аясында баға беруді сұрады. Сондай-ақ ол тергеу барысы туралы отбасыны хабардар етіп отыруды өтінді.

Сонымен қатар, оның пікірінше, бұл істі аса ауыр қылмыс ретінде қарастыру қажет, себебі жанжалға қатысқандар алдын ала қаруланып келген болуы мүмкін.

Ер адамның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін Шалқар тұрғындары жүздеп келіп, отбасына көңіл айтып жатыр. Көпшілік жасөспірімдер арасындағы топтық төбелестердің жиілеп кеткеніне алаңдаулы. Қаза тапқан баланың әкесі мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін билікті нақты шаралар қабылдауға шақырды.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 20 наурызға қараған түні Шалқарда жаппай төбелес болып, 17 жастағы жасөспірім ауыр жарақат алып, көз жұмған. Туыстарының айтуынша, ол мектепті жақында бітірген, уақытша жұмыс істеп жүрген және әскерге баруға дайындалып, кейін жоғары оқу орнына түспек болған.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жанжалға қатысқан барлық адам анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.

Серіктес жаңалықтары