Ресей Байқоңырдан зымыран ұшырды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
22 наурыз кешке Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-2.1а» зымыраны ұшырылды. Ол ғарышқа«Прогресс МС-33» жүк тасымалдаушы ғарыш кемесін алып шыққан.
Былтырғы 27 қарашадағы апаттан соң айлақтан зымыран алғаш рет ұшырылып отыр.
Штаттық схема бойынша, «Прогресс МС-33» кемесі екі тәуліктен соң, яғни 24 наурызда Халықаралық ғарыш станциясымен (ХҒС) түйісуі тиіс. Ресейдің «Роскосмос» ұлттық ғарыш агенттігі түйісу сәтін тікелей эфирден көрсетпек.
Ресейлік жүк кемесі халықаралық станцияға 2500 келіден астам жүк жеткізеді, оның ішінде: ХҒС орбитасын ұстап тұруға арналған 828 кг отын, 619 кг азық-түлік, су, ауа және ғарышкерлерге арналған заттар, 420 литр ауыз су, 50 кг оттегі, сондай-ақ станцияны қосымша жабдықтауға арналған 393 кг құрылғылар мен ғылыми тәжірибе жүргізуге арналған жабдықтар жеткізіледі.
Құрылғылардың бірі — Күнді сирек кездесетін терагерц диапазонында бақылауға арналған ресейлік "Солнце-Терагерц" радиотелескопы.
Қазір ХҒС-та 74-экспедицияның халықаралық экипажы жұмыс істеп жатыр. Оның құрамында: ХҒС командирі Сергей Кудь-Сверчков, борт-инженерлер Сергей Микаев, Кристофер Ли Уильямс (АҚШ) бар.
Контекст
2025 жылғы 27 қарашада дәл осы "Союз-2.1а" зымыранын ұшыру кезінде апат болып, айлақ істен шыққан. Сарапшылар бұл оқиға бағдарламаның беделіне нұқсан келтіріп, құрылғыны жөндеу бірнеше айға созылуы мүмкін екенін ескерткен.
Зымыран қалдықтары Ұлытау облысы аумағына құлап, оның бөлшектерін жергілікті тұрғындар тапқан. Сол кезде мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды оқиғаның мән-жайын дереу анықтап, зымыранның ұшу траекториясын жоспарлауда жіберілген қателіктерге нақты құқықтық баға беруді, мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу мақсатында жауапты ұйымдардың жұмысын қатаң бақылауға алуды талап еткен.
Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі "Союз-2.1а" тасымалдаушы зымыраны "экологиялық тұрғыдан қауіпсіз отынды – керосин мен сұйық оттегін пайдаланады, жерге құлаған қалдықтары радиациялық, химиялық я биологиялық қауіп тудырмайды" деп сендірген.
15 желтоқсанда ғарышқа ұшырмақ болған "Протон-М" зымыранында ақау бары анықталған. "Роскосмос" "қажетті шаралардан соң зымыран тасығышты жұмыс режиміне сай дайындауды жалғастыратынын" айтқан.