Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған өліммен аяқталған жол апатына қатысты күдікті жүргізуші ауруханада күзетпен жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Үш адамның өмірін қиған апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап жол қозғалысы ережелерін бұзып, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жағдайларға қатысты, және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
– Zeekr автокөлігінің жүргізушісі даңғыл бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан екінші көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты, – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Zeekr көлігінің жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Қазір ол күзетпен медициналық мекемеде жатыр. Жағдайы тұрақталғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалмақ.
Telegram-арналардың мәліметінше, көлік тізгінінде 32 жастағы Александр Пак болған. Ол аяғын сындырып, қалалық орталық клиникалық ауруханада ем қабылдап жатыр.
Полиция жүргізушінің алкоголь қолданған-қолданбағанын анықтау үшін медициналық сараптама тағайындалғанын хабарлады. Нәтижелері әзірге жарияланған жоқ. Сонымен қатар бейнебақылау камераларындағы жазбалар тәркіленіп, зерттеліп жатыр.
Айта кетейік, қаза тапқандардың туыстары әділдік талап етуде.