×
482.33
557.57
5.74
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
482.33
557.57
5.74

15 тармақтан тұратын жоспар: АҚШ пен Иран соғысты тоқтата ма?

Бүгін, 10:04
15 тармақтан тұратын жоспар: АҚШ пен Иран соғысты тоқтата ма?
ulysmedia.kz коллажы

АҚШ Иранға атысты тоқтату туралы 15 тармақтан тұратын бейбіт келісім жоспарын жолдады. Оның ішінде жоғары деңгейде байытылған уран қорын халықаралық атом энергиясы агенттігіне беру мәселесі де бар. Иран жоспардың кейбір тармақтарымен келіскен. Вашингтон мен Тегеран арасында қандай келісім жүріп жатыр? Израильдің ұстанымы қандай? Таяу Шығыстағы ахуал қалай қарай өзгеріп жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Мән-жай 

The New York Times газетінің жазуынша, Вашингтон Тегеранға 15 тармақтан тұратын бейбіт келісім жоспарын жолдаған. Құжат Иран билігіне Пәкістан арқылы берілген.

Израильдың N12 телеарнасының хабарлауынша, ұсынылған құжатта Иранның жоғары деңгейде байытылған уран қорынан бас тартып, оны халықаралық атом энергиясы агенттігіне беру жөнінде талап бар.

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Дональд Трампқа Иран билігі бейбіт келісімнің кейбір тармақтарымен келіскенін жеткізген. Оның ішінде байытылған уран қорын беру мәселесі де бар деп жазды Аомериканың Axios басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап. Бірақ әзірге ресми Тегеран бұған байланысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Бұл бейбіт келісімге Израильдің қандай реакция білдіретіні де белгісіз.

23 наурызда Дональд Трамп Иран билігімен табысты келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Осыған байланысты Иранның энергетикалық инфрақұрылымына шабуыл жасауды бес күнге тоқтата тұруға бұйрық берген. Тегеран келіссөздер жүріп жатқанын жоққа шығарған.

Ормуз бұғазы және Иранның ескертуі 

24 наурызда Иран сыртқы істер министрлігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен Халықаралық теңіз ұйымын Ормуз бұғазы арқылы «дұшпандық сипаты жоқ кемелерге» өтуге рұқсат берілгені туралы ескерткенін хабарлады. Бірақ кемелер бұғаздан өту үшін алдын ала Тегеранмен келісуі қажет.

«Дұшпандық әрекеттерге қатыспайтын және оларды қолдамайтын, сондай-ақ белгіленген қауіпсіздік талаптарын толық сақтайтын кемелер — басқа мемлекеттерге тиесілі немесе олармен байланысты болған жағдайда да — Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз өту құқығына ие бола алады», — делінген Reuters агенттігі жариялаған құжатта.

Соғысқа дейін Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ қорының шамамен 20 пайызы тасымалданған. Иран бұғазды жапқалы бері ол толықтай тоқтаған. Салдарынан әлемдік нарықта мұнай бағасы шарықтап кеткен. Трамптың бейбіт келісім туралы мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы төмендеген.

Контекст

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған. Әуе шабуылы кезінде елді үздіксіз 37 жыл басқарған аятолла Әли Хаменеи қаза тапқан. Кейіннен Тегеран қарымта ретінде Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскер базалары мен Израильді атқылап, Ормуз бұғазын жауап тастаған.

Бұған дейін The New York Times  басылымы дереккөздеріне сүйеніп, Израиль АҚШ-ты Иран халқы жаппай көтеріліске шығады деген жоспарға сүйеніп, Тегеранға қарсы соғыс ашуға көндірген деп жазған.

Басылымның жазуынша, Иранға қарсы соғыс бастамас бұрын «Моссад» директоры Давид Барнеа Изриаль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға жоспарын көрсеткен. Онда соғыс басталғаннан кейін бірнеше күн өткенде Израиль барлау қызметі Иран оппозициясын көтеріліске жұмылдыратыны туралы айтылған. Бұл жоспар Вашингтонға да ұсынылған.

Биньямин Нетаньяху да, Дональд Трамп та Иран басшыларының көзін жойғаннан кейін халық жаппай наразылыққа шығып, соғыс тез аяқталады деген ұстанымда болған. Бірақ АҚШ әскерилері егер АҚШ пен Израиль соққы жасайтын болса, Иран халқы көтеріліске шықпайтынын айтып, Трампты ескерткен.

Серіктес жаңалықтары