Ресейде Telegram мессенджері толықтай бұғатталудың алдында тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағы съезінде «Ростелеком» президенті Михаил Осеевский Telegram-ға қатысты мәлімдеме жасады. Ол кейінгі уақыттары ел аумағында жұмысы баяулаған мессенджер трафигі «қазірдің өзінде құрып бара жатыр» деді.
Ол Telegram-ды WhatsApp мессенджерімен салыстырып, оның трафигі «мүлде жоғалғанын» айтты. Осеевскийдің сөзінше, шетелдік мессенджерлер біртіндеп нарықтан кетіп, оның орнына Ресейдің Max қосымшасының аудиториясы өсіп жатыр.
«Max қарқынды түрде өсіп келеді, трафигі жылдам артып жатыр», – деді Осеевский.
VK компаниясының мәліметінше, 2026 жылы наурызда Max мессенджерінің күнделікті аудиториясы 77 миллионнан асқан. Іске қосылғаннан бері өткен бір жыл ішінде қосымшаға107 миллионнан астам қолданушы тіркелген, оның шамамен 5 миллионы – шетелдік қолданушылар. Max қосымшасы VK компаниясының өнімі.
Контекст
Кейінгі уақытта Ресей билігі Telegram мессенджері жұмысына шектеулер енгізіп жатыр. Кейбір мәліметтерге қарағанда, сәуір айына қарай бұл ресурс Instagram және Facebook сияқты толық бұғатталуы мүмкін. Сонымен қатар, елде тек рұқсат етілген сайттар ғана жұмыс істейтін "ақ тізім" қағидаты бойынша интернетті тестілеу жүргізіліп жатыр.
10 ақпанда "Роскомнадзор" Telegram және басқа да мессенджерлерге қатысты шектеу шараларын жалғастыру туралы шешім қабылдағанын хабарлаған. Реттеуші мекеме ол мессенджерлер Ресей заңдарын бұзған деп мәлімдеген.
23 наурызда Мәскеудің Таган аудандық соты тыйым салынған ақпаратты жоймағаны үшін Telegram-ға 10,5 миллион рубль айыппұл салды. Бұған дейін мессенджер осындай бес құқықбұзушылық дерегі бойынша 35 миллион рубль көлемінде айыппұл төлеген.
25 ақпанда Ресей соты Telegram-ды тыйым салынған контентті бақылау және оны шектеу міндеттерін қайтадан орындамағаны үшін кінәлі деп танып, тағы 7 миллион рубль айыппұл салған.