×
482.53
555.44
5.92
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
482.53
555.44
5.92

Сот Мұрат Адамды адвокаттық лицензиясынан біржола айырды

Бүгін, 14:21
Сот Мұрат Адамды адвокаттық лицензиясынан біржола айырды
Ulysmedia коллажы

Алматы соты заңгер Мұрат Адамды адвокаттық лицензиясынан айыру туралы шешімді күшінде қалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Бұл туралы Мұрат Адамның өзі әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Бүгіннен бастап адвокат емеспін. Алматы соты Бостандық аудандық сотының мені адвокаттық лицензиядан айыру туралы шешімін өзгеріссіз қалдырды, – деп жазды ол.

КОНТЕКСТ

Осы жылдың қаңтар айында Алматының Бостандық аудандық соты әділет министрлігінің талап-арызын қанағаттандырған болатын. Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, адвокат кәсіби қызметінде бірқатар заңбұзушылыққа жол берген. Атап айтқанда, оған әлеуметтік желілердегі жазбалары үшін кінә тағылған. Министрлік нұсқасы бойынша, бұл жарияланымдарда оның құқықтарының бұзылғаны, сондай-ақ тергеу мен соттың заңсыз әрекеттері туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер болған.

Әділет министрлігі мұндай мәлімдемелер сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірді деп есептейді. Сот та таратылған ақпараттың бұған дейін тергеу әрекеттерінің заңдылығын растаған шешімдерге қайшы келетіні атап өтті.

Бұл шешім заңгерлер мен құқық қорғаушылар арасында қызу пікірталас тудырды. Адвокаттар қауымдастығының кейбір өкілі лицензиядан айыруды адвокаттарға қысым көрсету және олардың тәуелсіздігіне төнген қауіп ретінде бағалауға болатынын айтқан.

АНЫҚТАМА

Мұрат Адам – алматылық таңымал заңгер. Бұған дейін Қостанай сотында судья болып қызмет атқарған, заң факультеттерінде дәріс берген және жекеменшік компанияларда құқықтық тәжірибемен айналысқан. Адвокаттық қызметін 2019 жылы бастаған.

Ол бірқатар аты шулы істерге қатысқан Атап айтқанда, журналист Гүлнәр Бажкенованы, шешен белсендісі Мансур Мовлаевты, ресейлік Юлия Емельянованы қорғаған, сондай-ақ қоғамдық белсенділер мен экстрадиция мәселелеріне қатысты бірнеше іске қатысқан.

Серіктес жаңалықтары