×
481.54
553.24
5.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
481.54
553.24
5.93

Экс-депутат Пшембаевтың қызына тиесілі компанияға айыппұл салынды

Бүгін, 10:10
Экс-депутат Пшембаевтың қызына тиесілі компанияға айыппұл салынды
Ulysmedia.kz коллажы

Алматыда Үлкен Алматы өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстарына қатысқан мердігерлер тұрғындардың шағымынан кейін жауапқа тартылды. Қала тұрғындары жүргізілген жұмыстар салдарынан қатты шаң көтерілгенін айтып, наразылық білдірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жобаның бас мердігері – «Павлодар өзен порты» АҚ. Бұл компания бұрынғы мәжіліс депутаты әрі президенттің штаттан тыс кеңесшісі болған Мейрам Пшембаевтың отбасымен байланысты.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ШАҒЫМЫ

Жақында жағалау маңында тұратын тұрғындар құрылыс кезінде шаң көтеріліп, айналаны тұмшалап кеткенін айтқан. Кейін Алматы қаласының экология басқармасы тексеріс жүргізіп, нысанда бірқатар заңбұзушылық анықталғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, жұмыс барысында қатты шаң көтерілген, ал оны басу үшін шара жасалмаған. 

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, осыған байланысты «Павлодар өзен порты» АҚ, қосалқы мердігер «Makona Group» ЖШС және жоба жетекшісіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша хаттамалар толтырылған.

ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖОБА

Әңгіме Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту және маңайын абаттандыру жұмыстары туралы болып отыр. Экология басқармасының мәліметінше, жоба аясында жұмыстар 5,7 шақырым аумақта – №1 тұндырғыштан Абай даңғылына дейінгі аралықта жүргізіліп жатыр.

КОМПАНИЯ КІМГЕ ТИЕСІЛІ

eGov деректеріне сәйкес, «Павлодар өзен порты» АҚ-ның құрылтайшысы – «САН» ЖШС. Бұл компания Долорес Пшембаева мен Аннетта Сағынбекке тіркелген. Долорес – Мейрам Пшембаевтың қызы.

Бұған дейін, 2004 жылға дейін, «САН» ЖШС-ның құрылтайшысы ретінде Мейрам Пшембаевтың өзі көрсетілген. Ол әр жылдары Павлодар облыстық мәслихатының және Мәжілістің депутаты болған, сондай-ақ Қазақстан машина жасаушылар одағын басқарған. 2021 жылы президенттің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалған.

Мейрам Пшембаев көпбалалы отбасынан шыққан – жеті бауыры бар. Туыстарының арасында бұрынғы вице-министр мен аудан әкімі қызметін атқарғандар бар. Ал жиендерінің бірі «ҚазМұнайГаз» компаниясында ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтерде жұмыс істейді. Оның қызы ірі бизнеске иелік етеді, миллиардтаған салық төлеп, мемлекеттік келісімшарттармен жұмыс істеп келеді.

Серіктес жаңалықтары