2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында Қытайдан Қорғас шекара бекеті арқылы экспортталған жеміс-жидек пен көкөніс көлемі айтарлықтай өскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алғашқы екі айдың қорытындысы бойынша, Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қорғас өткелі арқылы 137 мың тонна өнім сыртқа шығарылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29,3 пайызға көп.
ҚАНДАЙ ЖЕМІСТЕР ЭКСПОРТТАЛЫП ЖАТЫР?
Қорғас кеденінің мәліметінше, күн сайын алма, апельсин, лимон, қызанақ, бұрыш, қияр және басқа да өнімдер тиелген көптеген рефрижератор жүк көліктері Қытай мен Қазақстан арасындағы «жасыл дәліз» арқылы өтеді. Бұл жүйе ауыл шаруашылығы өнімдерін жедел кедендік рәсімдеуден өткізуге мүмкіндік береді. Кейін бұл өнімдер Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және өзге де елдерге жөнелтіледі.
Халықаралық саудамен айналысатын жергілікті компаниялардың бірінің бас директоры Юй Хуаньның айтуынша, қазіргі кезең жеміс-көкөніс экспорты үшін ең қызған уақыт. Оның компаниясы күн сайын 700 тоннадан астам өнім тиелген шамамен 30 жүк көлігін жөнелтеді. Таңертең жиналып, кедендік рәсімдеуден өткен өнім сол күні-ақ Алматы базарларына жеткізілуі мүмкін.