Алматыда қоғамдық және саяси белсенді Санжар Боқаевтың жақтастары баспасөз мәслихатын өткізіп, оның ісі бойынша ашық сот өткізіп, процесті тікелей эфирде көрсету қажеттігін мәлімдеді. Боқаев аса ірі көлемде қаржы жымқыру, жалған ақпарат тарату және Бауым тоғайындағы ағаштарды кесуді ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
Жиын барысында белсенділер бұл іс бойынша ашықтық пен әділ тергеуді қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Олардың айтуынша, қоғамда туындаған сұрақтарға жауап беру үшін сот процесі жария түрде өтуі тиіс.
БАУЫМ ТОҒАЙЫНА БАРУ ҚАЛАЙ БОЛҒАН?
Қоғам белсендісі Салтанат Тәшімова Бауым тоғайына бару шешімі алдын ала жоспарланбағанын айтты. Оның сөзінше, 2025 жылдың 26 қазанында белсенділер Алматының тау бөктеріне баруды жоспарлаған. Алайда жергілікті тұрғындар Бауым тоғайындағы жағдайға назар аударуды сұраған соң, маршрут өзгертілген.
Ташімованың айтуынша, олар оқиға орнына барып, кесілген ағаштарды тіркеп, полиция шақырған. Осыған байланысты ол Боқаев ағаштарды кесуді ұйымдастырды деген айыптаумен келіспейтінін білдірді.

СОТ ҮКІМІНДЕ БОҚАЕВТЫҢ АТЫ АТАЛМАҒАН
Тағы бір белсенді Әлнұр Ілияшев 2 ақпанда ағаш кескен адамдарға қатысты сот үкімі шыққанын еске салды. Оның айтуынша, сот материалдарында тергеу анықтамаған Бахытжан есімді адам туралы айтылған, ал Санжар Боқаевтың аты аталмаған.
ВИДЕОГРАФТЫҢ ҚАМАУҒА АЛЫНУЫ
Қоғамдық қозғалыс өкілі Владимир Ким Боқаевқа азаматтардан көп мөлшерде өтініш түсетінін айтып, оның ақпараттық материалдар дайындау үшін арнайы жағдай ұйымдастыруының қажеті болмағанын жеткізді.
Бұл іс бойынша Боқаевпен бірге оның видеографы Ұлан Нүсіпқожа да екі айға қамауға алынған. Қозғалыс өкілі Берік Заиров видеографтың қамауға алынуы Боқаевқа қысым көрсету тәсілі болуы мүмкін деген пікір білдірді.
АШЫҚ СОТ ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ ТАЛАП
Белсенділер бейбіт митинг өткізуге өтініш бергенін, алайда оған рұқсат берілмегенін хабарлады. Сонымен қатар олар Боқаевтың ісі бойынша ашық сот өткізу туралы петиция басталғанын айтты.

ТЕРГЕУ НҰСҚАСЫ
Бұған дейін, 18 наурызда, Бас прокуратура Санжар Боқаевтың ұсталғанын хабарлаған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, ол әлеуметтік желілерде қоғамдық саябақ аумағындағы ағаштарды заңсыз кесу және құрылыс нысандарындағы ұрлық туралы бейнематериалдар жариялап, жалған ақпарат тарату арқылы қоғамда теріс пікір қалыптастыруды көздеген.
Тергеу мәліметінше, Боқаев ағаштарды кесуді өзі ұйымдастырып, қаржыландырған болуы мүмкін және бұл іске табысы төмен адамдарды сыйақы уәде етіп тартқан.
САНЖАР БОҚАЕВ КІМ?
Санжар Боқаев соңғы жылдары қоғамдық және саяси белсенділігімен танылған тұлға. Бұған дейін ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, Алматы қаласының ішкі саясат басқармасын басқарған. Одан кейін Қазтрансгаз компаниясында Дариға Назарбаеваның күйеуі Қайрат Шәріпбаевтың кеңесшісі болып қызмет атқарған. Соңғы жылдары қоғамдық қызметпен белсенді айналысты.

Қаңтар оқиғаларынан кейін Боқаев “Намыс” атты саяси партия тіркеуге талпыныс жасады. 2023 жылы бір мандаттық жүйе бойынша Мәжіліс сайлауына қатысып, өтпей қалды. Бірақ сайлау нәтижелеріне қатысты өз наразылығын жария етті. Содан бері тоқтамай қоғамдық мәселелерді көтеріп жүрді. Соңғы айларда Алматыдағы құрылыс және қайта жаңғырту жобаларына қатысты түсірген видеолары әлеуметтік желілерде кең тараған.
Өткен жылдың соңында Санжар Боқаев АҚШ-қа көшіп кеткенін, қоғамдық қызметтен шаршағанын және бизнеске көңіл бөліетін мәлімдеген болатын. Алайда референдум өткеннен соң Санжар Боқаев Алматыға ұшып келді. Кейін ұсталды.