Ақмола облысында полиция подполковнигі мен полиция капитаны 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің баспасөз қызметі мәлім етті.
«Биылғы жылғы қаңтардың 30-да Целиноград аудандық сотының үкімімен Ақмола облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының командирі полиция подполковнигі Талғат Ерденов пен патрульдік полиция ротасының аға инженері полиция капитаны Мақсат Жаманбаев 7 жылға бас бостандығынан айырылып, олардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Аталған адамдар қызметтік автокөлік құралдарын толтыру үшін бөлінген 100 млн теңге сомасында жанар-жағанмай талондарын алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобының ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды», - делінген ведомство хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.