Жастарда кітап оқу мәдениетіне қызығушылық қайта жанданып келеді. 2026 жылдың I тоқсанында Қазақстан кітапханаларына 11,1 млн келуші тіркелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚР Ұлттық кітапханасының Ақпарат және коммуникациялар қызметінің жетекшісі Таңжарық Нұрмұханұлы соңғы жылдары кітапханаларға келушілер санының тұрақты өсіп жатқанын мәлімдеді.
«Соңғы үш жылда кітапханалардағы келушілер саны 10 пайызға өсіп, 2025 жылы 57 млн-нан астам адамды құрады. Кітапхана пайдаланушыларының саны да жылдан-жылға тұрақты түрде өсуде», – дейді ол.
Статистикаға сүйенсек, ел бойынша оқырмандардың басым бөлігі – ересектер (43,4%). Ал 15 жасқа дейінгі балалар 31,7%, жастар 24,9%-ды құрайды. Дегенмен, нақты Ұлттық кітапханадағы аудиторияның 73%-ы – жастар.
КІТАП ОҚУ ФОРМАТЫ ӨЗГЕРГЕН
Сарапшының айтуынша, онлайн және офлайн оқу қатар дамып келеді. Дегенмен дәстүрлі кітап оқу әлі де басым.
- «2025 жылғы есеп бойынша, офлайн оқырман саны 87,2 пайызды құрады», – дейді Нұрмұханұлы.
Кітапхана қызметкерінің сөзінше, кітапханалар тек оқу орны емес, көпфункциялы мәдени орталыққа айналып келеді. Оқырмандар кітапты үйге алып оқу мүмкіндігін де белсенді пайдаланады. Бұл формат әсіресе аймақтарда сұранысқа ие.
Соңғы жылдары кітапханалар жастарды тарту үшін жаңа форматтарды енгізуде. Коворкинг орталықтары, әдеби клубтар, подкасттар, STEAM-жобалар мен түрлі интерактивті іс-шаралар кеңінен қолға алынған.
- «Кітапханаларды модернизациялау арқылы олар заманауи креативті кеңістікке айналып келеді. Мұндай өзгерістер кітапхананың қоғамдағы рөлін күшейтіп, оны тек оқу орны емес, білім мен шығармашылықтың орталығына айналдырып отыр.», – дейді Нұрмұханұлы.
ЖАҢА ЖОБАЛАР МЕН АКЦИЯЛАР
Ақтөбе облысында «Steam – кітапхана», «Тарихы терең Ақтөбе», «Деректі мұраны цифрлау», «Кітапхана Podcast», «Литература без границ» жобалары жүргізіліп келеді.
Ақмола облысында «Кітапханада кездесейік!» «Book trend», «Жастар және сән», «StopMotion», «Рухани TOOR» жобалары, Алматы облысында «Нағыз оқитын кез» «Туған жерге тағзым» жобалары, Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінде «Sezin», «Жасыл шамшырақ», «Ұлттық құндылықтар», «Өнерді сүйген жас толқын», «Смартфонсыз каникул», «Creative Mornings» және т.б. жобалар жүзеге асырылуда.
Батыс Қазақстан облысында «Жастар кітап оқиды», «Жүрегіңнің жылуын кітапқа арна», «Құқықтық мәдениет», «Кітап пен отбасы – менің ең жақын достарым» жобалары жұмыстарын жалғастыруда.
А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында 30-дан астам ірі және шағын жобалар жүзеге асырылды, олардың арасында тұрақты негізде: «Біздің Абай», «Өлкетану» толықмәтінді электрондық кітапханалары т.б. жұмыс істейді.
Жамбыл облысында «Кітап және отбасы», «EcoLand», «Anime», «Book & Art», «KENES TIME», «ШЕКСІЗ КИНО ӘЛЕМІ», «Әулиеата – кітап оқитын өңір» акциясы аясында «BOOK FM» жобалары іске асырылуда.
КӨШБАСШЫ ӨҢІРЛЕР
Статистикалық деректерге сәйкес, келушілер саны бойынша көшбасшы өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан облысы, Түркістан облысы және Ақмола облысы бар. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысындағы кітапханаларды 967 458 адам, Түркістан облысында – 760 261 адам, ал Ақмола облысында – 713 640 адам пайдаланған.
Мамандардың айтуынша, келушілер санының артуына аймақтарда ұйымдастырылған мәдени-ағартушылық іс-шаралар, әдеби кездесулер, оқырмандар клубтары мен жаңа кітаптардың түсуі оң әсер еткен.
ЖАСТАР НЕ ОҚИДЫ?
Жастар арасында кітапқа деген қызығушылық та әртараптанып келеді. Көркем әдебиетпен қатар, психология, өзін-өзі дамыту, бизнес, технология және жасанды интеллект тақырыптары сұранысқа ие. Сонымен бірге комикстер мен графикалық романдардың танымалдығы артып отыр.
Студенттер, оқытушылар және мамандар арасында, әсіресе техникалық, ғылыми және іскерлік салаларда шетел тілдеріндегі (ағылшын және т.б.) кітаптарға деген сұраныстың артуы да байқалады.
Қазақ тіліндегі әдебиетке қызығушылық та өсіп келеді. 2025 жылы кітапханаларда берілген құжаттардың 60,1%-ы қазақ тілінде болған.
Сонымен қатар, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша оқырмандар арасында ең көп сұранысқа ие кітаптар рейтингі жасалды. Олардың қатарында:
– Махаббат, қызық мол жылдар – Әзілхан Нұршайықов
– Менің атым Қожа – Бердібек Соқпақбаев
– Тағдыр – Қабдеш Жұмаділов
– Қарғын – Дулат Исабеков
– Ай мен Айша – Шерхан Мұртаза
– Ақ боз үй – Смағұл Елубай