Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәжілісмендердң депутаттық сауалына берген жауабында мектеп оқушыларының тамағына мемлекеттен қанша қаржы бөлінетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАҒА ҚАЛАЙ БЕЛГІЛЕНЕДІ?
Жұманғаринның айтуынша, мектептегі тамақтандырудың құны өңірдің ерекшеліктері мен оның экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып қалыптастырылады. Өйткені өңірлер арасында да, жекелеген облыстардың ішінде де азық-түлік өнімдері бағасының деңгейіндеедәуір айырмашылық бар.
«Білім беру ұйымдарында сатылатын тағамдар мен өнімдердің құны қағидаларға сәйкес және ағымдағы инфляция деңгейін ескере отырып айқындалады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жергілікті атқарушы органдар баға динамикасы мен статистикалық деректер негізінде мектептегі тамақтану құнын қайта қарады», - делінген жауапта.
БІР ОҚУШЫНЫҢ ТАМАҒЫНЫҢ ҚҰНЫ
Вице-премьердің мәліметінше, биыл ел мектептерінде тамақтанудың орташа құны бір білім алушыға 775 теңгені құрайды. 2024 жылдың басында 635 теңге болса, 2025 жылы әр оқушыға 697 теңге бөлінген. Жұманғарин бұл көрсеткіш жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес индекстелетінін атап өтті.