Павлодарлық оқушы Игорь Мартынюк жасанды интеллект негізінде теңдесі жоқ өнім жасап шығарды. Оның стартап жобасын Google компаниясы қолдап, 16 млн теңге қайтарымсыз грант бөліп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Игорь Мартынюк – Павлодардағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы инновациялық мектептің 11-сынып оқушысы. Ол адам зейінін басқаруға арналған жасанды интеллект көмекшісін әзірлеп шығарған. Жоба қолданушының күнделікті әрекеттерін саралап, тапсырмаларды жүйелеуге мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, «ақылды көмекші». Стартапқа алғашқы инвестиция ретінде Y Combinator 35 мың АҚШ долларын салған.
Ол сіз үшін не істеу керектігін, не істегеніңізді, ертеңгі жоспарыңызды, тіпті 30 минут бұрын немен айналысқаныңызды жинақтап береді. Яғни барлық контексті мессенджерлерді, экрандағы әрекеттерді, жалпы сіздің немен айналысып жатқаныңызды біріктіріп, жүйелейді,– дейді Игорь.

Жас өнертапқыштың өнімін әлем бойынша 20 мыңға жуық адам қолданған. Тың жобаға Google компаниясы да қызығушылық танытып, 16 млн теңге грант бөлді. Оның жасына қарамастан Y Combinator акселераторы оған ерекше жағдай жасап, YC Startup School бағдарламасына қатысуын толық қаржыландырмақ. Y Combinator – осындай стартап жобалардың халықаралық платформасы саналатын білім беру бағдарламасы. Енді Игорь Мартынюк алыс сапарға дайындалып жатыр.
Мен – Орталық Азиядағы осындай жолдама алған алғашқы автормын. Әзірге жазғы білім беру бағдарламасына қатысамын. Егер жобам сәтті жүзеге асса, күзгі науқанға барамын. Ол жерде жарты миллион АҚШ доллары қарастырылған,– дейді оқушы.