×
475.31
555.54
6.05
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
475.31
555.54
6.05

«Дәрігерлердің кесірінен балам мен жатырымнан айырылдым» – астаналық келіншек

Бүгін, 15:15
«Дәрігерлердің кесірінен балам мен жатырымнан айырылдым» – астаналық келіншек
фото: ЖИ

30 жастағы астаналық Еңлік Исатай №3 көпбейінді қалалық ауруханадағы дәрігерлердің салғырттығынан баласынан да, жатырынан да айырылды. Оқиға 17 наурыз күні болған. Біліксіз дәрігерлер бар кінәні Еңліктің өзіне артып, шығарып салған. Сап-сау келіншектің қазір бүйрегі ағарып, қан қысымы түспей жүр. 102 мен Е-өтінішке шағымданса да, еш қайыры болмаған. Ulysmedia.kz тілшісі  кейіпкермен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын сұрады.  

Бұл менің төртінші жүктілігім. 37 апта болғанда, ішім ауырып Молдағұлова көшесіндегі перзентханаға бардым. Негізі тіркеу бойынша ЭКСПО жақта едім. Бірақ көбі осы перзентхананы мақтаған соң осы жақты таңдағанмын. 17 наурыз күні толғақ басталды деп жедел жәрдем шақырттым. 19:30-да №3 көпбейінді қалалық ауруханаға әкелді. Мені ұзақ қарамады. «КТГ апарат жұмыс істемей тұр» деді. Гинеколог қарауын сұрадым. Сағат 20:40-та креслода қарап: «Отказ жазып, үйге қайта бер. Ай толғақ» деді. Мен келіспедім. КТГ өткізуін талап еттім. КТГ-ны ұзақ күттім, ауырып тұрған маған әр минут тозақ болып көрінді, – дейді Еңлік Исатай.

КЕСІР ТІЛІГІН ЕҢЛІКТІҢ КЕЛІСІМІНСІЗ ЖАСАҒАН

Оның айтуынша, дәрігерлер өз ісіне салғырт қарайды. Тіпті реанимацияда жатқан кезде керек дәрілерді медбикелер тауып бере алмаған.

21:20-де КТГ өткенде жүрек қағысы естілмейді деп, дәрігерлер не істейтіндерін бір-бірінен сыбырлап сұрап жатты. Мен УЗИ өткізуді сұрадым. «Узи жоқ» деп жауап берді. «Күтем десеңіз біз үйден шақырамыз» деді. Дәлізде Узи түсіретін маманды тағы ұзақ күттім. Узиді 22:40 шамасында өттім. Содан дәрігерлер жедел түрде кесір тілігін жасаймыз деп, операция залына алып кетті, – дейді ол.

Осы аралықта Еңлікке белгісіз укол салған. Не үшін салдыңдар деп сұрағанда: «қан қысымыңызды түсіру үшін» деп жауап берген. Негізі Еңлікте бұған дейін қан қысымы тұрақты болған. Кейін кесір тілігі де науқастың келісімінсіз жасалған.

Ота басталғанда мен бәрін естіп, көріп жаттым. Жоғарыда орналасқан жарықтың айнасынан ішті кесіп қолымен ішімнен бірдеңені қатты жұлып алды, ауырғаннан мен айқайладым. «Тиіспе қан кетті, тиспе» дегенді естідім. «Неге олай жасадың?» деді дәрігерлер бір-біріне. Артынан тездетіп ұйықтатып тастады. Отаны жас қыз жасады. Бірақ өзінен үлкен басқа хирург келгенше, мені сол залда 2 сағат ұстапты. Көп қан жоғалттым, – дейді Еңлік.

«ЖАТЫРСЫЗ ЕШКІМГЕ КЕРЕК ЕМЕССІҢ» 

Кейіпкеріміз отадан кейін ештеңе түсінбеген. Ұзақ күткен баласы болғандықтан, тек соны уайымдап жылай беріпті. Кейін дәрігерлер келіп, жатырын алып тастағанын, ал оған Еңліктің өзі кінәлі екенін айтыпты.

Дәрігерлер қасыма келіп маған дауыс көтеріп өзімді кінәлай бастады. «Сен үйден кеш келдің, өзің бәрін бүлдірдің», деді. Мен шошып , қатты қорқып кеттім. Артынан сенің кесіріңнен жатырыңды алып тастадық деді. Жолдасыма хабарласып айтқанымда, бөлім меңгерушісі: «Ешкімге айтпа. Жатырың жоқ болса, сен ешкімге керек емессің. Күйеуің тастап кетеді. Қолыңа екі құжат беріп ауруханадан шығара салар едік қой. Ешкім білмей қалатын еді. Тағы да сен бәрін бүлдірдің» деп ұрысты, – дейді ол.

Шарасыз ана перзентханада 7 күн жатқан. Осы оқиғадан кейін бүйрегіне зақым келген. Қан қысымы әлі тұрақталмай тұр. Ал аяқтары ісіп кеткен.

Осы жүкітілігімді ұзақ жоспарладық. Отбасында тек екі бала болып өскенбіз. Сол кезде жалғыздықты көрдім. Сондықтан «көп балам болса» деп армандайтынмын. Дәрігерлер ана болу мүмкіндігімнен де, денсаулығымнан да айырды. Қазір бір бүйрегім ағарып тұр. Дәретке бару үшін дәрі қолданамын. Ал қан қысымым 150-ден  түспейді. Осы жүктілікке 6 ай дайындалдым, барлық дәрігерден өттім, анализдер жақсы болды, витамин де ішіп жүрдім, – дейді Еңлік.

Ол бұл мәселені аяқсыз қалдырмаймын деп отыр. Шағымдарын 102 мен Е-өтінішке де жазыпты. Бірақ ескерусіз қалған. Баласын уайымдағаннан есін енді жиып жатыр. Дәрігерлер мен хирургтардың аты-жөнін нақты білмейді. Бірақ шығару құжатында төмендегі адамдар жазылған:

  • Есенова Айгерим Тажденовна
  • Ергожина Карлыгаш Бугетаевна
  • Анапина Б.У.
  • Васевковская О.В.
  • Алимбекова Асылу Муратовна (УЗИ)
  • Сулейменова Жанна Амангельдиевна (УЗИ)
  • Ауекенова Венера Махмутовна
  • Исмайлова Назерке Керимбековна
  • Царенко И.В. (бөлім меңгерушісі)
  • Жидельбай С.Н.
  • Ниязбекова Эльмира Мендиковна (акушерка)
  • Исабаева Е.Е.

АУРУХАНА ӨКІЛДЕРІНІҢ ПІКІРІ ҚАНДАЙ?

Біз Астана қаласы №3 көпбейінді ауруханаға хабарласып, кейіпкеріміздің мәселесін жеткіздік. Олар Еңліктің жағдайына байланысты тәуелсіз сараптамалық комиссия деңгейінде сараптама тағайындалғанын айтты.

Сараптама нәтижелері комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін науқасқа және Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментіне жолданатын болады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 273-бабына («Медицина қызметкерінің құпиясы») сәйкес, науқас туралы кез келген ақпаратты жария етуге жол берілмейтінін хабарлаймыз. Емдеу барысында диагноз және жүргізілген ем туралы барлық ақпарат толық көлемде науқасқа және оның сенімді өкіліне ұсынылды,– деп жауап берді №3 көпбейінді аурухана.

Серіктес жаңалықтары