Қытайға қарсы наразылық акциясын өткізіп, істі болған «Атажұрт» ұйымының белсенділері мен жақтастарына қатысты сот үкімі шықты. Талдықорған соты айыпталушы 19 адамның барлығын кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Ulysmedia.
ҮКІМ
Азаттық радиосының жазуынша, сот үкімімен 11 адам 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Қалғандары 4 жыл 8 айдан, 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Айыпталушылар мен олардың жақындары үкіммен келіспей, сот ғимараты алдында наразылық білдірді.
Сотталғандар:
КОНТЕКСТ
Тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының 19 белсендісінің үстінен «Ұлтаралық араздық қоздыру» бабы бойынша айып тағылған. Істің қозғалуына белсенділердің былтыр 13 қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында өткізген наразылық акциясы себеп болған.
Сол уақытта олар Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің суретін ұстап шығып, Шыңжаңда түрлі желеумен ұсталып, «түзету лагеріне» қамалған қазақтарды босатуды және екі ел арасындағы визасыз режимді жоюды талап еткен болатын.
Акция барысында Қытайға жұмыс істеуге кетіп, кейін сол жақта ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды Қытайдан талап еткен. Жақында оның қызы Ұлжалғас Әлімнұр әкесінің Қытайда 2,5 жылға сотталғанын айтқан.
48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбай Қазақстанға отбасымен бірге 2016 жылы көшіп келген. Отбасында үш қызы бар. Өзі де, балалары мен әйелі де 2017 жылдан бері Қазақстан азаматы.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытай берген ақпаратқа сүйеніп қайтарған жауабында, Әлімнұр Тұрғанбайдың Қытай азаматтығынан шықпағаны, ал қос азаматтық екі елде де «заңсыз» екені туралы айтылған.