Алматыда "Оңтүстік" саябағының жер телімін мемлекеттік қажеттілік үшін қайтарып алу рәсімі аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың Бостандық ауданы тұрғындарымен болған кездесуінің бірінде аталған жер учаскесін мемлекеттік меншікке алып қою және саябаққа абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы бастама көтерілген болатын.
"2022 жылдың 5 қазанда Алматы қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен әкімдіктің жер учаскесін мемлекет қажеттілігіне қайтару жөніндегі талабы қанағаттандырылды, өтемақы сомасы 2 338 817 000 теңге мөлшерінде айқындалды (сарапшылардың 2022 жылғы 21 қыркүйектегі № 5386 қорытындысына сәйкес). 2022 жылғы 22 желтоқсанда Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. 2023 жылғы 13 қаңтарда өтемақы сомасы Jusan Property ЖШС-ға аударылды".Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Қазіргі кезде Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы "Оңтүстік" саябағын абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін қажетті құжаттарды дайындап жатыр.
2007 жылы Бостандық ауданындағы Си Синхай көшесінің оңтүстігінде, Жароков көшесінің шығысында (кад. № 20-313-011-518) жер телімі көпқабатты тұрғын үй салу және пайдалану үшін Turkuaz Invest ЖШС-нің жеке меншігіне берілген болатын (Алматы қаласы әкімдігінің 08.11.2007 ж. №9/1097-39 қаулысы). Кейін учаске Jusan Property ЖШС-ға берілді.
2022 жылдың қазан айында Алматыдағы "Барыс-4" базары мемлекеттік меншікке өтті.