Алматы жұртшылығы ақын, қоғам қайраткері, Қазақстан халық жазушысы Мұхтар Шахановпен қоштасты, деп хабарлайды Ulysmedia.
Фото: ospanali.com
АЗАЛЫ ЖИЫН
21 сәуірде алматылықтар Мұхтар Шахановты Абай атындағы опера және балет театрынан шығарып салды. Жиынға ақынның туыстары, жазушылар, саясаткерлер мен қала тұрғындары қатысты.
– Мұқаң жәй ғана ақын емес еді. Жәй ғана ақын болса, ол өлеңін жазып, кітабын жазып жүре берген болар еді. Мұқаң батыр ақын еді. Сондықтанда оның халықтың есесі кететін тұстарда айқай салып шығатын батыр мінезі бар еді. Сол мінезін ол Кремльдің бір сьезінде де көрсетті мінберге шығып, желтоқсандықтарды қорғап, – деді жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай Ulysmedia тілшісіне.
Фото: ospanali.com
Азалы жиынға Қазақстан парламенті сенатының спикері Мәулен Әшімбаев, вице-премьер әрі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, ақын Ұлықбек Есдәулет, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов қатысып, сөз сөйледі.
Фото: ospanali.com
Мәулен Әшімбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жедел хатын оқыды.
– Мұхтар Шаханов қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстаған тұлға ретінде де ел жадында мәңгі сақталады. Ол қай кезде де әділеттіліктің туын көтеріп, ұлт мүддесін қорғаудан тайынған жоқ. Кеңкестік кезеңнің өзінде Арал тағдырына араша түсуі ағамыздың айқын азаматтық ұстанымын көрсетті. Ол – Мұхтар ағамыз болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезіне білгенін айшықтайды. Ұлттың ең өзекті мәселелерінің бірі – тіл тағдырына келгенде де Мұхтар Шаханов әрдайым алдыңғы шептен көрінді. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында табандылық танытып, ана тіліміздің абыройын арттыруға өлшеусіз үлес қосты. Мұхаң ұлт мәселесі сынға түскен сәттің бәрінде тайсалмай елдің сөзін сөйлей білді. Бұған Желтоқсан оқиғасының ақ-қарасын анықтау жолындағы азаматтық ерлігі айқын дәлел. Ағамыздың ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, оның ішінде наурыз мейрамының қайтадан халықтық сипат алуына да қосқан үлесі зор, – деді Мәулен Әшімбаев.
Фото: ospanali.com
Қаралы жиынға мыңға жуық адам қатысты. Мұхтар Шаханов өзінің туған жері Отырар ауданына жерленеді. Бұған дейін әлеуметтік желіде ақынның өзі Арыстан баб кесенесі аумағына жерлеуді аманат етіп айтқаны туралы хабар тараған.
– Біз осында жерленгенін қалап едік. Бірақ ағамыздың аманаты. Аманатқа қиянат жасамайды атам қазақ. Сондықтан сол туған жеріне алып кетуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары келіп отыр. Бір топ, жүзге тарта адам келіп отыр. Сондықтан туған жеріне шығарып саламыз. Ертең жаназасы сол Отырарда өтеді, – деді Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегіманов.
Фото: ospanali.com
КОНТЕКСТ
Мұхтар Шаханов 19 сәуірде 84 жасына қараған шағында қайтыс болды.
Ол 1942 жылы қазіргі Түркістан облысында дүниеге келген. Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін тәмәмдаған. Поэзия, проза және драматургия салаларындағы туындыларымен көпшілікке танылған. Оның шығармалары 40-тан астам тілге аударылған.
Мұхтар Шаханов 1980 жылдардың аяғында «Желтоқсан» оқиғасы туралы мәлімдеме жасап, қазақ тілі, Наурыз мерекесі, Арал мәселесін қозғап, қоғам қайраткері ретінде танылған. 1993-2003 жылдары ол Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы елшісі болды. 2004-2007 жылы парламент мәжілісінің депутаты болған.