Қазақстанда соңғы бес жылда ана өлімі 35%-ға азайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанада өткен халықаралық сессияда мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ ӘСЕР ЕТКЕН»
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, осы кезеңде ана мен бала денсаулығына қатысты негізгі көрсеткіштер де жақсарған. Нәресте және перинаталдық өлім деңгейі төмендеген. Мамандар бұл нәтижені жүйелі реформалар мен медициналық көмектің заманауи стандарттарын енгізумен байланыстырады.
Климаттың өзгеруі де денсаулыққа әсер ететін маңызды факторға айналып отыр. Температураның көтерілуі мен экологиялық өзгерістер инфекциялық және жүрек-қантамыр ауруларының қаупін арттырып, әйелдердің репродуктивтік денсаулығына кері ықпал етуі мүмкін,– дейді министр Ақмарал Әлназарова.
ҚАНДАЙ БАҒДАРЛАМАЛАР БАР?
Елімізде жүкті әйелдерді ерте бақылауға алу күшейтілген. «Аналар саулығы» бағдарламасы аясында әйелдер денсаулығын жақсартуға бағытталған шаралар жүзеге асуда. Қазір жүкті әйелдердің 90%-дан астамы 12 аптаға дейін есепке алынады.
Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек деңгейінде және өңірлік перинаталдық орталықтарда әйелдер консультациясы қызметі қайта жандандырылған.
Туа біткен даму кемістіктерін ерте анықтау үшін «Бір күндік клиника» жобасы іске қосылған. Бұл жоба әйелдерге барлық қажетті тексерулерден қысқа уақыт ішінде өтіп, дер кезінде медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.
Жасөспірімдер үшін де арнайы жастар денсаулық орталықтары жұмыс істейді. Онда репродуктивтік және психикалық денсаулық мәселелері бойынша кеңес беріліп, алдын алу шаралары жүргізіледі.
Бұған дейін Жамбыл облысында босанғаннан кейін 30 жастағы әйел қайтыс болғанын жазғанбыз. Марқұмның жақындары медицина қызметкерлерін салғырттық танытты деп айыптап, тергеу жүргізуді талап еткен болатын.