×
$
452.12
€
508.95
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
452.12
€
508.95
₽
5.41

Астанада бес баласын ертіп, курьер болып жүрген ана көзге түсті

Бүгін, 09:03
Астанада бес баласын ертіп, курьер болып жүрген ана көзге түсті
Threads/ aigerim_3126

Әлеуметтік желіде Астанада бес баласымен бірге жүрген әйелдің суреті қызу талқыланып жатыр. Жазба авторының айтуынша, ана күннің суығына қарамастан, балаларын ертіп, жаяу тапсырыс жеткізіп жүрген болуы мүмкін. Ең кішкентай баласы әлі сәби, ол арбада болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Бес баласымен көшеде жүрген әйелдің суреті қазақстандықтарды бейжай қалдырмады. Жазба авторы ананың күннің суығына қарамастан, балаларымен бірге сыртта жүргеніне назар аударған.

- Мұндай суықта бес баласын ертіп, тапсырысты жаяу жеткізіп жүр. Бесінші баласы - арбада жатқан сәби. Алла өзі жар болсын, - деп жазды Әйгерім есімді желі қолданушысы.

Пікір жазғанның көбі әйелге жаны ашып, оған қаржылай көмек көрсетуді ұсынған.

- Сұмдық қой, қалай ғана?! Телефон нөмірін алу керек еді, бәріміз ақша жинап берер едік. Алматының суығында метроға әрең жеттім. Астанадағы суықты елестетудің өзі қиын, - деп жазды желі қолданушыларының бірі.

- Бұл әйелді танитындар бар ма? Ақша жинап, көмектессек дейміз, - деген тағы бір пікір жазылған.

Алайда оқиғаға күмән келтіргендер де табылды. Кейбірі сурет әдейі түсірілген болуы мүмкін десе, енді бірі әйелдің жұмысқа неге бес баласын бірдей ертіп шыққанын сұраған.

Бұған ұқсас жағдай Алматыда да болған

Бұған дейін Қазақстанда төрт айлық қызын қолына алып, тапсырыс жеткізіп жүрген 20 жастағы алматылық әйелдің оқиғасы қызу талқыланған еді. Оның суреті желіге тарағаннан кейін жағдайға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі назар аударған.

Сол кезде министр Асқарбек Ертаев әйелдің отбасы айтарлықтай қаржылай қиындық көріп отырған жоқ деген мәлімдеме жасаған. Оның айтуынша, ерлі-зайыпты Алматыға Шымкенттен көшіп келген, ал туыстарының тұрақты табысы бар.

Министрдің бұл сөзі әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Көпшілік оның мәлімдемесін орынсыз деп санап, тіпті қызметінен кетуін талап етті.

Министрлік тарапынан «Яндекс» пен Glovo жеткізу қызметтеріне де қатысты сұрақтар туындады. Атап айтқанда, шенеуніктер әйелдің жұмысқа кірер алдында қауіпсіздік нұсқаулығынан қалай өткенін және нәрестесін ертіп жұмыс істеуіне неліктен рұқсат берілгенін анықтағысы келген.

Кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев Алматы қалалық жұмыспен қамту басқармасының қызметкерлері аталған отбасының үйіне барып, жұмысқа орналасуға көмектесуді ұсынғанын хабарлады. Алайда ерлі-зайыпты бұл ұсыныстан бас тартқан.

Шенеуніктің айтуынша, отбасы өз еркімен Шымкентке, бұрын ата-анасымен бірге тұрған үйіне қайтып кеткен.

Ербол Тұяқбаев әйелге мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай қысым көрсетілмегенін мәлімдеді.