Әлеуметтік желіде Алматы тұрғыны Қазақстанды «жексұрын мемлекет», Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды «ақымақ», «ауылдан келген» деп тіл тигізген болатын. Осы сөздерден кейін оны полиция департаменті ұстап, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
РЕЗОНАНС ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?
Виолетта Паршина есімді Алматы тұрғыны Threads желісінде 1986 жылғы көтеріліске шыққандарды “мас әрі топас ауыл адамдары” деп атап, жұрттың наразылығын тудырған. Желі қолданушылары оның парақшасынан “Қазақстанды жиіркенішті мемлекет” деп сипаттап, ел билігіне негізсіз айыптар таққан басқа да жағымсыз пікірлерін тауып алған. Кейін осы мәселені көтерген азаматтың пікірін желі ескертпестен өшіріп тастаған. Алайда аталмыш мәселе қоғам тарапынан резонанс туғызып үлгереді.

ПОЛИЦИЯ КҮДІКТІНІ ҰСТАДЫ
Алматы қаласының полиция департаменті күдіктінің ұсталып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Азаматша П.-ның жеке басы анықталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта оның әрекеттеріне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құқықтық баға берілуде. Мұндай әрекеттерге жол берілмейді және оларға қағидатты түрде құқықтық баға беріледі. Тұлғаның мәртебесіне және өзге де жағдайларға қарамастан, ұлттық белгісі бойынша қорлау фактілеріне жол берген барлық азаматтар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады», – деп хабарлады Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар полиция ұлтаралық келісімді бұзуға бағытталған кез келген әрекеттер, арандатушылық және алауыздықты қоздыратын материалдарды тарату фактілері қатаң түрде тоқтатылатынын ескертті.
ДИРЕКТОРЛЫҚТАН АЛЫП ТАСТАҒАН
Біз бұған дейін әйелдің Алматыдағы жарнама агенттігінде жұмыс істейтінін жазғанбыз. Қазақстандықтар аталған жарнама компаниясына қызметкерінің жазбасы үшін теріс пікір қалдырған. 2GIS сервисіндегі компанияның рейтингі бір тәулік ішінде күрт төмендеген.
Компания өкілдері даулы мәселеден кейін Виолетта Паршина жұмыстан шығарылғанын және ұйымға ешқандай қатысы жоқ екенін хабарлады. Бұған дейін ол директор қызметін атқарған.