×
$
457.09
€
508.42
₽
5.67
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
457.09
€
508.42
₽
5.67

Қаза тапқан сарбаздардың туыстары жаңа қорғаныс министрінен жауап талап етті

Бүгін, 18:00
Қаза тапқан сарбаздардың туыстары жаңа қорғаныс министрінен жауап талап етті
Қорғаныс министрлігі

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға 14 әскери қызметшінің өмірін қиды. Оқиғадан кейін армия басшылығы да ауысты. Алайда Қорғаныс министрлігіне қойылатын сұрақтар әлі де азайған жоқ. Жаңа министр Айдос Мырзахметов әр жылдары әскери қызмет кезінде қаза тапқан және ауыр жарақат алған сарбаздардың туыстарымен кездесті. Ол әрбір жағдайды жеке тексеруге уәде берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мырзахметов не деді?

Министрмен кездесуге әр жылдары қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің туыстарынан құралған бастамашыл топ келді. Кездесуге бас әскери прокурор мен Ұлттық ұлан өкілдері де қатысты.

– Қорғаныс министрлігі марқұм болған және зардап шеккен әскери қызметшілердің жақындарының сауалдарына түсіністікпен қарайды және әр отбасының қайғысына ортақтасады. Әрбір өтініш мұқият қаралып, нақты жауап берілуге тиіс, – деді министр Айдос Мырзахметов.

Сондай-ақ ол әрбір оқиғамен жеке танысып, өзіне тапсырылған құжаттарды зерделеуге уәде берді.

14 адам қаза тауып, бірқатар лауазымды тұлға қызметінен кетті

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен «Хазар қорғаны – 2026» әскери оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні Каспий теңізіне ағыс алып кеткен. Оның үшеуі ғана аман қалып, қалғандары қаза тапты.

Қайғылы оқиға армия басшылығына қатысты бірқатар маңызды сұрақ туғызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігін ауқымды тексеруді тапсырды. Комиссияны Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева басқарды.

5 қазанда Ақорда тексерудің алғашқы нәтижелерін жариялады. Онда оқу-жаттығуға дайындық, тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде елеулі олқылықтарға жол берілгені анықталғаны айтылды.

Қайғылы оқиғадан кейін бірқатар жоғары лауазымды тұлға қызметінен кетті. Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Бас штабтың бастығы Қаныш Әбубәкіров, қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмақеев және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков қызметінен айырылды. Соңғысы қызметке салғырт қарады деген күдікпен ұсталды.

Әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты іс бойынша барлығы бес лауазымды тұлға қамауға алынды.

Бұдан бөлек, қорғаныс ведомствосын ауқымды тексеру нәтижесінде мемлекеттік мүлікті жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және басқа да заңбұзушылықтар фактілері бойынша тағы 13 қылмыстық іс қозғалды.