АҚШ-та Дональд Трамп қатысқан кеште оқ атқан күдіктіге қатысты тергеу жалғасып жатыр. Бұған дейін БАҚ күдіктінің Украинамен байланысы болуы мүмкін екенін хабарлаған. Ал украиналық саясаттанушылар бұл жағдай Трамптың Киевке деген көзқарасына кері әсер етуі ықтимал деп алаңдаулы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТРАМПТЫҢ КӨЗҚАРАСЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?
АҚШ президенті Дональд Трампқа жасалған қастандық Украинаға көрсетілетін қолдауға кері әсер етуі мүмкін. Бұл туралы украиналық саясаттанушы Руслан Бортник өзінің YouTube арнасындағы эфирде мәлімдеді.
«Бұл қастандықтың Украина үшін де салдары бар, өйткені америкалық баспасөзде Трампқа қастандық жасаған адамның Украинаға жанашыр болғаны туралы материалдар көбейіп кетті. Ол Украинаны қолдаған, қаржы жинаған және басқа да істермен айналысқан», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, Трамптың қарсыластарының Украинаға қолдау білдіруі АҚШ басшысы Дональд Трамптың Киевке деген көзқарасын одан әрі нашарлатуы мүмкін.
«Менің ойымша, бұл жағдай Трамптың Украинаға деген көзқарасына түбегейлі әсер етпейді, алайда Украинаға қатысты жасырын негативтің жоғары деңгейде сақталуына ықпал етеді», – деп түйіндеді Руслан Бортник.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Сенбі кешінде АҚШ астанасындағы Washington Hilton қонақүйінде Ақ үй тілшілері мен америкалық әкімшілік мүшелерінің жыл сайынғы салтанатты кешкі асы өтіп жатқан кезде оқ атылған.
Іс-шараға қатысушылардың барлығы, соның ішінде Дональд Трамп пен оның жұбайы да шұғыл эвакуацияланды. Күдікті ұсталды, ал United States Secret Service агенттерінің бірі жарақат алған.
КҮДІКТІ КІМ?
31 жастағы Калифорния мұғалімі Коул Аллен Ақ үй қызметкерлеріне шабуыл жасауды жоспарлаған. Ол жазбаларының бірінде АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс туралы ауыр сөз айтып, АҚШ-тың өз уәделерін орындамай отырғанын сынға алған. Бұл пікірді ол Украинаның бұрынғы халық депутаты Антон Геращенко жариялаған жазбаға жауап ретінде білдірген.
Сонымен қатар, Аллен Украинадағы әскери бөлімдерге және көмекке мұқтаж студенттерге қаражат жинауды ұйымдастырған.
Күдікті жеке білім беру ұйымы C2 Education-да оқытушы болған. АҚШ-тың Federal Election Commission деректеріне сәйкес, ол 2024 жылдың қазан айында Камала Харрис сайлау науқанына 25 доллар аударған.
БАҚ мәліметінше, ол компьютерлік шутер ойындарын әзірлеумен айналысқан. Бұған дейін Аллен сотталмаған және Вашингтон полициясының назарына ілікпеген.