×
$
453.71
€
505.8
₽
5.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.71
€
505.8
₽
5.63

Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен жүзеге асқан «Shamshi 100» халықаралық жобасының концерттік туры Нью-Йоркте аяқталды

Бүгін, 10:00
Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен жүзеге асқан «Shamshi 100» халықаралық жобасының концерттік туры Нью-Йоркте аяқталды
Болат Өтемұратов Қоры

Болат Өтемұратов Қоры Шәмші Қалдаяқовтың 100 жылдығына арналған «Shamshi 100» халықаралық жобасын аяқтады. Мадрид, Париж және Нью-Йоркте өткен концерт туры аясында композитордың әндері алғаш рет испан, француз және ағылшын тілдерінде шырқалды.

Концерт туры 21 қазанда Мадридте басталып, 24 қазанда Парижде жалғасты және 28 қазанда Нью-Йоркте өткен «Шәмші әлемі» концертімен аяқталды. Республика күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралар Қазақстанның Испаниядағы, Франциядағы және АҚШ-тағы елшіліктерінің қолдауымен өтті.

Шәмші Қалдаяқовтың 100 жылдығына арналған (2030 ж.) «Shamshi 100» халықаралық мәдени жобасын «Шәмші әлемі» қоғамдық қоры Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен жүзеге асырды. Жоба шетел аудиториясын қазақ композиторының шығармашылығымен және Қазақстанның музыкалық мұрасымен таныстырып, елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.

«Республика күні қарсаңында осындай концерт өткізу испан көрермендерін қазақ мәдениетімен және музыкалық мұрасымен таныстыруға жақсы мүмкіндік берді. Шәмші Қалдаяқовтың әндері халқымыздың жүрегінде ерекше орын алады. Олардың испан тілінде орындалуы жаңа аудиторияға жол ашты. «Шәмші әлемі» концерті Қазақстан мен Испания арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға өз үлесін қосты деп сенемін», – деді Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Данат Мұсаев.

«Шәмші Қалдаяқовтың әндері – қазақ халқының жүрегінде ерекше орын алатын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан баға жетпес мұра. Парижде Шәмші әндерінің француз тілінде орындалуы қазақ мәдениетінің жаңа аудиторияға жол тауып, өзге мәдени ортадағы адамдардың да жүрегінен орын ала алатынын көрсетті. Біз үшін мұндай жобалар Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени дипломатияның маңызды бөлігі әрі халықтар арасындағы достықты нығайтудың ерекше жолы», – деді Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова.

Париждегі концерт

Турдың қорытынды концерті 28 қазанда Нью-Йоркте өтті. Оған мәдениет, іскерлік және академиялық орта өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, қазақ диаспорасы және еліміздің студенттерін қоса алғанда шамамен 150 көрермен қатысты. Концерт бағдарламасына композитордың белгілі әндерінің ағылшын тіліндегі нұсқалары, соның ішінде «Әнім сен едің», «Ана туралы жыр», «Қайдасың», «Сыр сұлуы» және «Бақыт құшағында» әндері енді.

«Мәдениет қай уақытта да халықтарды жақындастыратын, бір-бірін тереңірек түсінуге көмектесетін көпір қызметін атқарып келеді. Бұл концерт Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы, Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл және АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығы қарсаңында ерекше символдық мәнге ие болды. Шәмші Қалдаяқов әрбір қазақстандықтың жүрегінде айрықша орын алады, ал оның шығармашылығы – ұлттық мұрамыздың ажырамас бөлігі. Америка аудиториясын оның мұрасымен таныстыру Қазақстан мен АҚШ арасындағы достық пен өзара түсіністіктің тағы бір символына айналды», – деді Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мағжан Ілиясов.

Нью-Йорктегі концерт

«Shamshi 100» жобасы аясында Қор Шәмші Қалдаяқовтың 35 әніне заманауи аранжировка жасауға және таңдаулы 20 шығармасын испан, француз және ағылшын тілдеріне поэтикалық тұрғыдан бейімдеуге қолдау көрсетті. Халықаралық тур концерттеріне Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері, музыканттар мен композитордың отбасы мүшелері қатысты. Мадридтегі концерт Madrid Festival Orchestra оркестрінің сүйемелдеуімен өтсе, Париж бен Нью-Йорктегі концерттер камералық форматта ұйымдастырылды.

Мадридтегі концерт кезінде

«Шәмші Қалдаяқовтың әндерін Қазақстанда жақсы біледі және сүйіп тыңдайды. Сондықтан бұл шығармаларды алғаш рет тыңдаған шетелдік аудиторияның оларды осындай ықыласпен қабылдағанын көру – біз үшін ерекше қуаныш. Жобаны қолдап, Шәмші Қалдаяқовтың мұрасын шетелде таныстыруға мүмкіндік берген Болат Өтемұратов Қорына алғысымызды білдіреміз», – деді композитордың ұлы, «Шәмші әлемі» қоғамдық қорының құрылтайшысы Мұхтар Қалдаяқов.

«2030 жылы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 100 жыл толады. Осы айтулы шара қарсаңында «Қазақ вальсінің королі» атанған композитордың шығармашылығын әлемдік аудиторияға таныстыру біз үшін үлкен мәртебе болды. «Shamshi 100» жобасы Болат Өтемұратов Қоры қолдап келе жатқан мәдени бастамалардың жалғасына айналды. Бұған дейін Қор Олжас Сүлейменовтің әдеби мұрасын, Батырхан Шүкенов пен Жәния Әубәкірованың шығармашылығын насихаттауға бағытталған жобаларды қолдады. 2024 жылы Қор Париждегі Гиме музейінде өткен «Қазақстан: Ұлы дала қазыналары» көрмесінің серіктесі болды. Біз үшін Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныстыру және елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал ету маңызды», – деді Болат Өтемұратов Қорының бас директоры Айнұр Кәрібозова.

Болат Өтемұратов Қоры 2014 жылы қазақстандық кәсіпкер әрі меценат Болат Өтемұратовтың бастамасымен құрылды. Қор денсаулық сақтау, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, мәдениет, инклюзия және өңірлік даму салаларындағы қайырымдылық бастамаларға 250 млн АҚШ долларынан астам қаражат бағыттады. Қор сондай-ақ табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетіп, өңірлерде заманауи әлеуметтік және азаматтық инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсетеді.