×
460.8
541.21
6.13
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
460.8
541.21
6.13

Астанада дұрыс қойылмаған көліктерді эвакуациялау тәртібі өзгерді

Бүгін, 17:36
Астанада дұрыс қойылмаған көліктерді эвакуациялау тәртібі өзгерді
Фото: әкімдіктен

Астанада жол жүру ережелерін бұзған, дұрыс қойылмаған автокөліктер бұдан былай ақылы түрде эвакуацияланады. Жаңа бастама жолдағы жүктемені азайтып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

ҚАУІПСІЗДІК БІРІНШІ ОРЫНДА

Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының мәліметінше, 28 сәуірден бастап қалада ереже бұзған көліктерді арнайы коммуналдық тұрақтарға жеткізетін эвакуаторлар жұмыс істей бастады.

Бұл шара елорданың көлік жүйесін кешенді дамыту аясында қолға алынған. Себебі дұрыс қойылмаған көліктер жолдағы жағдайға және тұрғындардың қауіпсіздігіне әсер етеді.

«Тоқтау және тұрақ ережелерін бұзу көшелердің өткізу қабілетін 50 пайызға дейін төмендетеді. Бұл кептелістерге және қозғалыстың шектелуіне әкеледі», – деді орталық директоры Марат Садуов.

600 МЫҢНАН АСТАМ КӨЛІК

Қалада келетін көліктерді қоса есептегенде 600 мыңнан астам автокөлік бар. Күн сайын автоматтандырылған жүйелер екі мыңнан астам осындай құқықбұзушылықты тіркейді.

Қалалық мәслихат шешіміне сәйкес, ең алдымен рұқсат етілмеген жерлерге – жаяу жүргіншілер өткеліне, тротуарларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындарға қойылған көліктер ақылы эвакуацияланады. Мұндай заңбұзушылықтар жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігіне кері әсер етеді.

ЖҚҰО бөлім басшысы Қанат Мәмбетовтың айтуынша, эвакуация адамдар көп жиналатын, тыйым салатын белгілер орнатылған және қозғалысқа кедергі келтіретін жерлерде жүргізіледі.

«Біз автотұрақтар мен жолдың жүріс бөлігінде, тарылған учаскелерде немесе тоқтауға және тұраққа тыйым салатын белгілер бар жерлерде жұмыс істейміз. Мысалы, бүгін көлік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабы 3-бөлігі бойынша белгіленбеген жерде тұрғаны үшін эвакуацияланды», – деді ол.

Оның айтуынша, эвакуация процесі толық цифрландырылған. Арнайы автоматтандырылған кешендер құқықбұзушылықты тіркеп, ақпаратты полицияға жібереді. Кейін көлік иесіне eGov Mobile арқылы хабарлама келеді. Одан әрі деректер Жедел басқару орталығына жолданып, эвакуация туралы шешімді полиция қызметкері цифрлық сервис арқылы рәсімдейді.

ЭВАКУАЦИЯ ҚҰНЫ ҚАНША?

Егер жүргізуші құқықбұзушылықты сол жерде жойса, оған тек әкімшілік шара қолданылады және көлік орнында қайтарылады.

«Егер жүргізуші көлігін таппай, SMS алмаса, 102 немесе 112 нөміріне хабарласа алады. Оған эвакуация себебі мен әрі қарайғы әрекеттер түсіндіріледі. Көлікті қайтару үшін полиция департаментінің әкімшілік практика бөліміне жүгініп, рұқсат алып, арнайы тұрақтан алып кету қажет», – деді Қанат Мәмбетов.

Эвакуация құны – 3 АЕК (12 975 теңге). Сонымен қатар көлікті тұрақта сақтау ақысы бөлек төленеді.

Қала тұрғындары мен қонақтарына жол қозғалысы ережелерін сақтап, өзгелерге құрметпен қарап, қауіпсіз қозғалысқа кедергі келтірмеу ұсынылады. 

Серіктес жаңалықтары