Құтқарушылар Түркістан облысы Келес ауданында абайсызда өзенге ағып кеткен баланың денесін іздеуді ресми түрде тоқтатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІЗДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БІР АЙҒА СОЗЫЛДЫ
Сегіз жасар Жаннұр Тұрсынбек 2026 жылдың 23 наурызы күні Келес өзеніне ағып кеткен еді. Содан бері құтқарушылар мен сүңгуірлер Келес өзенінің бойын, тіпті Өзбекстан шекарасына дейінгі аумақты және Сырдария өзенінің арнасын мұқият тексеріп шықты. Алайда бір жарым айға созылған ауқымды іздестіру шараларына қарамастан, баланы табу мүмкін болмады. Осыған байланысты бір апта бұрын ресми іздеу жұмыстары тоқтатылды.
«Операция кезінде өзен, оның айналасын тексердік. Арнайы техника мен дрон қолдандық. Құтқарушылар ауа райына қарамай, баланы күні-түні іздеді. Бірақ, осы шараларға қарамастан, баланы таба алмадық. Сондықтан, 2026 жылдың 23 сәуірінен бастап ресми түрде іздеуде тоқтаттық», - дейді құтқарушылар.
“ЕСІКТЕН КІРІП КЕЛЕТІНДЕЙ”
Ал баланың анасы күдерін үзбей, күн сайын перзентінің оралуын күтіп отырғанын айтады.
«Есіктен Жаннұр кіріп келетіндей үмітпен, көз жасымен күндер өтіп жатыр», – дейді Жаннұрдың анасы.
Сонымен қатар ол Президентке жүгініп, 112 қызметінің техникалық мүмкіндіктері мен атқарылған жұмыстың тиімділігіне қатысты сауал жолдады.
Баланың ата-анасы үшін алаңдаған журналист Гүлмира Әбіқай да желіде жазба жариялады.
«Енді не болады? Бір жарым ай бойы барлық күш пен техниканы жұмылдырып, бір баланы таба алмаған 112 қызметі іздеуді қайта жалғастыра ма? Баласының тірі не өлі екенін білмей, өмір бойы күту ата-ана үшін өте ауыр сынақ...», — деп жазды ол.