Ұлытау облысында Қазақстандағы ең қарт тұрғыны Түймегүл Темірбаева дүниеден өтті. Ол 116 жасқа қараған шағында көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бір дәуірдің куәсі
Түймегүл Темірбаева Жаңаарқа ауданының Қызылжар ауылында тұрған. Аудан әкімдігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
– Түймегүл апа ғасырдан астам ғұмыр кешіп, талай тарихи оқиғаның куәсі болды. Оны таныған жандардың жүрегінде жарқын бейнесі мәңгі сақталады, – делінген хабарламада.
Түймегүл Темірбаева 1910 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысында дүниеге келген. 22 жасында Аязбай Темірбаевқа тұрмысқа шыққан. Кейін ерлі-зайыпты Жаңаарқа ауданына қоныс аударған. Олар төрт бала тәрбиелеп өсірген.
Түймегүл апа 15 немеренің әжесі, 25 шөберенің арғы әжесі болған.
Ұзақ өмір сүруінің сыры неде?
Наурыз айында Ulysmedia.kz ғасыр жасаған кейуананың өмір жолы туралы жазған еді. Сол кезде Түймегүл апа 116-шы көктемін қарсы алған.
Жасына қарамастан, ол белсенді өмір салтын ұстануға тырысқан. Туыстарының айтуынша, әжесі үй ішінде өздігінен жүріп, аулаға шығып, тіпті асүйдегі жұмыстарға да көмектескен.
Кейуананың өзі ұзақ өмір сүруінің сырын еңбекқорлық пен жақындарына деген сүйіспеншіліктен көрген. Бала кезінен үй шаруасымен айналысып, жылқы баққан, бие сауып, қымыз дайындаған.