Атырау қаласы мен оған іргелес елді мекендерді қою түтін мен қолқаны қабатын күйік иісі басты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТҮТІННІҢ СЕБЕБІ
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, түтіннің себебі — «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватындағы қамыстың өртенуі. Өрт ошағы қаладан 35 шақырым жерде, Каспий теңізіне қарайтын бағытта орналасқан.
Өрттің жалпы аумағы — 12 гектар. Қазіргі таңда жанып жатқан аумақ — 8 гектар, ал сөндірілген аумақ — 4 гектар.
65 МАМАН, 18 ТЕХНИКА ЖҰМЫЛДЫРЫЛДЫ
Тілсіз жаумен күреске Төтенше жағдайлар департаментінің 65 маманы мен 18 бірлік техникасы жұмылдырылды. Алайда, өрт сөндіру жұмыстарын жер бедерінің ерекшелігі қиындатып отыр.
«Өртеніп жатқан аумақ — батпақты жер. Соның салдарынан арнайы техниканың өтуі мүмкін емес. Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер қорғаныс жолақтарын салып, отты қолмен сөндіруге мәжбүр», — деп хабарлады мекеме өкілдері.
Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Айта кетейік, бұдан бұрын Павлодарда пәтер өртеніп, 15 адам құтқарылды.