Павлодар қаласында көпқабатты үйден өрт шығып, 15 адам құтқарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Төтенше жағдайдар министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 30 сәуірде 101 пультіне Муткенов көшесінде орналасқан тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер подъезде қою түтінді бірден байқаған.
Ведомство мәліметінше, тілсіз жау бірінші қабаттағы пәтерден шыққан. Құтқарушылар өртті қысқа уақыт ішінде оқшаулап, жалынның таралуына жол бермеді.
"Құтқарушылар бірінші қабаттағы пәтерде 10 шаршы метр аумақта үй жиһаздары мен тұрмыстық заттардың жануын жедел түрде сөндірді",- делінген ведомство ақпаратында.
Құтқару жұмыстары барысында өрт сөндірушілер баспалдақ арқылы 15 адамды, оның ішінде 5 баланы сыртқа алып шыққан. Тағы 20 тұрғын өз бетінше эвакуацияланған.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
АСТАНАДАҒЫ ӨРТ
Айта кетейік, 12 сәуірге Астанадағы “Көркем 3” тұрғын үй кешенінде пәтер өртеніп, үш бала көз жұмды.
Анасы мен үш бала жанып жатқан пәтерде қамалып қалған. Көршісі қабырғаның арғы жағынан шыққан дыбысты естіп, өрт сөндірушілерді шақырған.
Пәтерден құтқарушылар үш баланың мәйітін тапты. Өртті сөндіру кезінде әйел пәтерден шығарылып, ауыр күйікпен ауруханаға жеткізілді.
Жоғарғы қабаттардан өрт сөндірушілер шамамен 20 адамды эвакуациялады, тағы 40-қа жуық тұрғын өз бетімен шыққан.
Полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Өрт кезінде құтқарушылардың өтуіне кедергі келтірген көліктің иесі жауапқа тартылды.