Алматыдағы Adidas дүкенінде қазақ тілінде қызмет ала алмаған тұрғын желіде өз шағымын жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Желі қолданушысының айтуынша, оқиға Алматыдағы “Мерей” сауда үйінде орналасқан Adidas дүкенінде болған. Ол дүкен кассасында қазақша қызмет сұрап, орыс тілін түсінбейтінін жеткізіпті.
“Соған қарамастан, қызметкерлер тек орысша сөйлеп, “бізде екі тіл” деп жауап берді. Қазақстанда тұрып, қазақша қызмет ала алмау — бұл жай ғана проблема емес, бұл клиентке деген құрметсіздік. Заң бойынша тұтынушыға ақпарат мемлекеттік тілде берілуі тиіс. Бірақ бұл жерде ол талап мүлде сақталмаған.Егер мұндай жағдайға көз жұмылса, тиісті органдарға жүгінуге дайынмын”, – деп жазды шағымданушы.
Желі қолданушылары танымал дүкеннің бұл әрекетіне наразылық білдірді.
“Осылар неге мақау болды екен, екі тіл деп тек орысша сөйлесетін. Тұтынушы қазақша сұраса – қазақша, орысша сұраса – орысша жауап берсе ол екі тіл болады. Ал тек орысша жауап беріп екі тіл дегені несі?”, – дейді пікір жазушылардың бірі.
“Негізі мұндай қазақша қызмет көрсетпейтін компаниялар өте көп. Қазақ ақкөңіл ғой. Орысша сөйлей бастаса жарайды деп орысша сөйлеп кетеді”, – деп жазды тағы бір қолданушы.
Бұл жағдайға қатты ашуланған енді бір азамат Adidas компаниясының өзіне шағым жолдапты.
“Adidas дүкенінде қызметкерлер мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тарты. Бұл Қазақстан заңының талаптарын бұзады. Атап айтқанда, қызмет көрсету саласында ақпарат мемлекеттік тілде берілуі тиіс және тұтынушы өзіне ыңғайлы тілде қызмет алуға құқылы. Компаниядан ішкі тексеріс жүргізіп, қызметкерлердің қазақ тілінде қызмет көрсетуін қамтамасыз етуді талап етемін”, – делінген шағымда.
Желі қолданушының жазбасына “Мерей” сауда орталығындағы Adidas дүкенінің директоры Рүстем Сағынаев жауап берген.
“Қызметкерлеріміздің мемлекеттік тілде қызмет көрсете алуы біз үшін маңызды. Өз тарапымыздан тексеріс жүргізіп, барлық қызметкердің қазақ тілінде қызмет көрсетуін қамтамасыз етеміз”, – деп уәде берген ол.
Айта кетейік, бұдан бұрын әлеуметтік желіде Тараз қаласындағы 973 нөмірлі қоғамдық көлікте болған жанжал қызу талқыланды. Бейнежазба авторы қоғамдық көліктегі кондукторға “Мен қазақша түсінбеймін. Неге орысша айтпайсың?” деп соқтыққан. Сол жерде жанжал басталып, қоғамдық көліктегі жолаушылар өз пікірлерін айғайлап айта бастайды. Ал кондуктор мемлекеттік тілде сөйлеп тұрғанын алға тартады. Екі тарап та бір-бірін видеоға түсіреді. Кейін автор: “Мен бәрін камераға түсіріп алдым, Ресейге көрсетем” дейді.