АҚШ Иранға қарсы жүргізіп жатқан операция аясында Үнді мұхитында ұсталған танкерлерден мұнайдың негізгі бөлігін алып отырғанын ел президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТРАПМ НЕ ДЕДІ?
Трамп бұл жөнінде Salem News Channel телеарнасына берген сұхбатында айтты.
«Оның [мұнайдың] басым бөлігі АҚШ-қа жеткізіледі», - деді Трамп.
Бұған дейін ол Иран мұнайы тиелген танкерлерді ұстау кезінде америкалық әскерилер «қарақшылар секілді әрекет етеді» деп сипаттаған еді.
ИРАННЫҢ АЙЫПТАУЫ
Өз кезегінде Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Амир Саид Иравани Қауіпсіздік кеңесіне жолдаған хатында АҚШ-ты «агрессия мен мемлекеттік қарақшылық жасады» деп айыптады. Тегеранның мәліметінше, Majestic және Tifani атты екі коммерциялық кеме ұсталып, шамамен 3,8 млн баррель мұнай тәркіленген.
3 мамыр күні Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының бұрынғы қолбасшысы Мохсен Резаи Ормуз бұғазындағы шиеленіс аясында АҚШ-ты «қарақшылар» деп атап, «авиатасымалдаушы кемелерге қарсы тұруға дайынбыз» деп мәлімдеді.
Bloomberg агенттігінің дерегінше, жағдайдың ушығуы және АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал келіссөздер аясында бұғаз арқылы кеме қозғалысы күрт азайған. Бір тәулікте Парсы шығанағынан небәрі бір кеме шыққан, бұған дейін олардың саны бесеу болған.
«БОСТАНДЫҚ»
Еске салайық, бұдан бұрыг АҚШ президенті Парсы шығанағында тұрып қалған кемелер әртүрлі елдерден келгенін айтып, оларды «бейтарап әрі кінәсіз бақылаушылар» деп атады және АҚШ олардың қозғалысына көмектесетінін мәлімдеген.
«Егер қандай да бір жолмен бұл гуманитарлық үдеріске кедергі келтірілсе, өкінішке қарай, ондай әрекетке күшпен қарсы тұруға тура келеді», - деді ол.
Трамп кемелерді алып жүру бастамасын «Бостандық» жобасы деп атап, оны жүзеге асыру дүйсенбі, 4 мамыр күні таңертең басталатынын жеткізді.