АҚШ президенті Парсы шығанағында тұрып қалған кемелер әртүрлі елдерден келгенін айтып, оларды «бейтарап әрі кінәсіз бақылаушылар» деп атады және АҚШ олардың қозғалысына көмектесетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТРАМПТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Трамп Truth Social парақшасында АҚШ Парсы шығанағында Ормуз бұғазының қоршауына байланысты бөгеліп қалған сауда кемелерін алып жүруді қамтамасыз ететінін жазды.
«Егер қандай да бір жолмен бұл гуманитарлық үдеріске кедергі келтірілсе, өкінішке қарай, ондай әрекетке күшпен қарсы тұруға тура келеді», - деді ол.
Трамп кемелерді алып жүру бастамасын «Бостандық» жобасы деп атап, оны жүзеге асыру дүйсенбі, 4 мамыр күні таңертең басталатынын жеткізді.
АҚШ президенті шығанақта тұрып қалған кемелер әртүрлі елдерден келгенін, олардың «бейтарап әрі кінәсіз бақылаушылар» екенін, ал кейбірінде азық-түлік қоры таусылып бара жатқанын айтты. Трамп АҚШ пен Иран арасында келіссөздерд жүріп жатқанын, олардың «баршаға тиімді нәтижеге әкелуі мүмкін екенін» түсінетінін атап өтті, алайда кемелерді алып жүру – гуманитарлық қадам екенін баса айтты.
«Кемелерді жылжыту тек ешқандай кінәсі жоқ адамдарды, компаниялар мен мемлекеттерді босату үшін қажет — олар жағдайдың құрбанына айналып отыр», — деп жазды ол.
15 МЫҢ ӘСКЕР ЖІБЕРІЛЕДІ
CENTCOM мәліметінше, «Бостандық» операциясы аясында әскери қолдау құрамына басқарылатын зымырандары бар эсминецтер, ұшақтар және 15 мың әскери қызметкер кіреді.
«Бұл қорғаныс сипатындағы миссияға қолдау көрсету өңірлік қауіпсіздік пен жаһандық экономика үшін аса маңызды, өйткені біз теңіз қоршауын да қолдап отырмыз», — деді CENTCOM қолбасшысы, адмирал Брэд Купер.
ИРАННЫҢ ЖАУАБЫ
Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комиссия төрағасы Ибрагим Азизи X әлеуметтік желісіндегі парақшасында АҚШ-тың кез келген араласуын атысты тоқтату режимін бұзу ретінде бағалайтынын жазды.
«Ормуз бұғазындағы жаңа теңіз тәртібіне АҚШ тарапынан жасалатын кез келген араласу атысты тоқтату режимін бұзу болып саналады», — деді ол.
ОРМУЗДАҒЫ АХУАЛ
Ирандағы соғыс басталғаннан кейін Тегеран Ормуз бұғазын жабатынын жариялап, оны миналауға кірісті. Бұған дейін бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнай, конденсат және мұнай өнімдерінің 15–20%-ы, сондай-ақ сұйытылған газ жеткізілімдерінің 30%-дан астамы тасымалданатын.
Наурыз айында Трамп Ормуз бұғазында 20-дан астам миналаушы кеменің жойылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, «Иран бұғазды миналау арқылы бопсалаумен айналысып отыр, ал АҚШ бұған жол бермейді».
12 сәуірде АҚШ Ормуз бұғазын қоршауға алғанын жариялады. Пентагон мәліметінше, шектеулердің алғашқы екі тәулігінде бұғаз арқылы бірде-бір кеме өтпеген, оның ішінде ирандық миналаушы кемелер де бар.
Кейінірек америкалық Теңіз стратегиясы орталығының өкілі, отставкадағы офицер Стивен Уиллс Politico басылымына берген сұхбатында Ормуз бұғазын минадан тазарту АҚШ үшін тек ауыр емес, шексіз үдеріске айналуы мүмкін екенін айтты. Себебі америкалықтар залалсыздандырған миналардың орнына Тегеран жаңаларын орнатып отырады.
Сәуірдің соңында Трамп елдің әскери-теңіз күштеріне Ормуз бұғазы акваториясында мина қоюға тырысқан кез келген кемеге оқ атып, оны суға батыруға бұйрық берді. Кейін АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет егер Иран бұғазға тағы да миналар тастаса, бұл атысты тоқтату режимін бұзу ретінде қарастырылатынын мәлімдеді.