×
464.53
543.73
6.15
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
464.53
543.73
6.15

«Қыз Жібектен» кейінгі өмір: Аңыз жұптың өнерлі қыздары неге тасада қалды

Бүгін, 17:14
«Қыз Жібектен» кейінгі өмір: Аңыз жұптың өнерлі қыздары неге тасада қалды
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақтың "Қыз Жібегі" Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбеков өнерде де, өмірде де қол ұстасып бірге жүрді. Бірақ қос әртістің балалары жайлы ақпарат көп жерде айтылмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҮЛКЕН ҚЫЗЫ – ЖІБЕК

Олардың таныстығы мен махаббаты өнер жолында басталып, қазақ киносы мен театры тарихындағы ең танымал жұптардың біріне айналды. Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбековтың үш баласы бар. Үлкен қызы Жібек 1972 жылы, кіші қызы Томирис 1989 жылы дүниеге келген. Ал Фараби есімді ұлы өмірден ерте өтті. 

– Алғашқы балам Жібек дүниеге келген кезд­е мен институттың соңғы курсында оқи­тынмын. Анам жұмыстан шығып, Жі­бек­ті қарады. Ал мен оқуымды аяқтап, театрмен гастрольге шықтым. Сосын ата-енем менің қолымда тұрды. Қазір мұны айтсам ешкім сенбейді,– дейді сұхбаттарында Меруерт Өтекешова. 

Актрисаның айтуынша, қыздары өнерден алыс емес. Жібек Тастанбекова фортепиа­нода ойнайды. Шет тілі институтын бітірген. Ағылшынша, французша біледі. Телеарнада көп жыл жұмыс істеді. 

– Үлкен қызым тележүргізуші болған, ал кішісі ән айтады. Есімде, 2014 жылы біз онымен бірге Украинаға “Хочу в Виа-гру” шоуына барғанбыз. Немерелерім өнерге аса қызыға қоймайды, бірақ бәрі де киноны қатты жақсы көреді,– дейді актриса. 

Жібек Тастанбекова әлеуметтік желіде белсенді. Instagram-да 45 мыңнан астам оқырманы бар. “Өз отбасымды, ата-анамды мақтан тұтамын” деп жазып қойыпты. Публикацияларының басым бөлігі Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың өнер жолы, сұхбаттары жайлы. 

ТОМИРИС – ӘНШІ

Ал Томирис 2013 жылы “Хочу в Виа-гру”  шоуының финалдық кастингіне қатысқан. Кастингте Қазақстан, Украина, Ресей және Беларусь елдерінің әншілері бақ сынапты. Томирис Қазақстандағы іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен. Анасы да Украинаға барып, қызына қолдау көрсетіпті. 

– Өнер жолымның тоқтауына ағамның қазасы қатты әсер етті. Бәрі бір сәтте тоқтап қалды. Бәрінен бас тарттым, ештеңе қызық болмады,– дейді телешоуға берген сұхбатында Томирис. 

Ол осы депрессиядан 3 жыл дегенде әрең шығады. Жалпы Томирис 18 жасында-ақ танымал әртістермен бір сахнада өнер көрсеткен. 2006 жылы Superstar KZ жобасына да қатысқан. 

Бірақ қазір жұрт назарынан тыс өмір сүргісі келетін сияқты. Әлеуметтік желідегі парақшалары жабық. 

“Қыз Жібек” пен “Төлегеннің” екі қызы да бұған дейін еш жерде сұхбат бермеген. 

Серіктес жаңалықтары