Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбек бірнеше жылдық үзілістен кейін қайтадан ірі қызметке оралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол Qazaq Kaolin компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалған. Бұл ақпарат компанияның ресми сайтында жарияланды.

ПАРТИЯДАН КЕТКЕННЕН КЕЙІН
Еске салсақ, Байбек 2022 жылдың ақпанында Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметінен өз еркімен кеткен болатын.
Одан кейін ол Біріккен Араб Әмірліктеріне оқуға кетіп, шетелдік инвестиция тартумен айналысқан. Кейін оның әпкесі Айгүл Байбек Бауыржан Байбектің Жапонияға қоныс аударып, жапон капиталы мен технологиясын Қазақстанға енгізуге бағытталған жобалармен айналысқанын айтқан.
QAZAQ KAOLIN ҚАНДАЙ ЖОБА?
Qazaq Kaolin компаниясы Ақмола облысында каолин кенін өңдейтін тау-кен байыту комбинатын салып жатыр. Биыл сәуір айының соңында кәсіпорынның техникалық іске қосылуы өтті.
Каолин – фарфор, керамика, қағаз, бояу, резеңке және құрылыс материалдарын өндіруде қолданылатын ақ саз минералы.
Бауыржан Байбек 2022 жылдан бері компанияда онлайн форматта кеңесші болып жұмыс істеген. Ал ГОК іске қосылар алдында ол директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне көтерілген.
КОМПАНИЯ ИЕЛЕРІ КІМДЕР?
Qazaq Kaolin компаниясының тең иелері қатарында 26 жастағы Бекзат Керімбай және Бауыржан Байбектің әкесі Қадырғали Байбек бар.
Қадырғали Байбек – Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы сыныптасы.
2023 жылы БАҚ-та оған қатысты Астананың мамандандырылған сотында заңсыз құрылысқа байланысты екі іс қаралып жатқаны хабарланған еді.
Ақмола облысы әкімдігі мәліметінше, Qazaq Kaolin компаниясы әлеуметтік жауапкершілік аясында жергілікті энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға 650 миллион теңге инвестиция салған.
ПЕРИЗАТ ҚАЙРАТҚА ҚАТЫСЫ БАР МА?
Компания сайтындағы Байбектің өмірбаянында оның 2020-2022 жылдары Birgemiz қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болғаны көрсетілген.
Өмірбаянда пандемия кезінде қор 80 миллион доллар көлемінде жеке қайырымдылық қаражатын тартып, 100 мыңнан астам әлеуметтік осал отбасыға көмек көрсеткені айтылған.
Айта кетейік, Birgemiz қорының жетекшісі Перизат Қайрат 10 жылға сотталған. Оның анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
Сот процесі кезінде Перизат Қайрат бірнеше рет Бауыржан Байбектің есімін атағанымен, оған қатысты ешқандай айып тағылған жоқ.